Шымкенттегі әуежай терминалы жаңаланады

204

Шымкент қаласы 2023 жылға дейін жаңаша келбетке ие болмақ. Теміржол вокзалы қайта жаңғыртылып, әуежайға жаңа терминал салу көзделген. Бұдан да бөлек қаланың бет-бейнесі болатын ғимараттар жаңаланып, туристерді тартатын нысандар салынбақ.

Әуежай терминалы жаңаланады. Қалаға келген қонақтың алдымен көретіні – вокзал мен әуежай. Осы секілді нысандарды жөндеуден өткізуден бөлек, Шымкентте туристерді тартатын мәдени нысандар бой көтермек.

Ғабидолла Әбдірахымов, Шымкент қаласының әкімі: «Мәдениет саласында 2100 орындық конгресс орталығын салу және ескі қалашықты қалпына келтіру жобалары жүзеге асырылады. Бұл өз кезегінде 2020 жылы Шымкенттің ТМД елдерінің мәдени астанасы ретіндегі мерекесін жақсы атқаруға мүмкіндік береді».

Әкім сонымен бірге «Қажымұқан» орталық стадионында қайта құру жұмыстары басталатынын айтты. Ал ел «бір стадионның құрылыс жұмысы үшін 44 млн. еуро көп, қайтпайтын шығын» дегенімен, әкім басқаша сөйледі.

Ғабидолла Әбдірахымов, Шымкент қаласының әкімі: «Стадион 4-ші стандарт яғни, УЕФА талаптарына сәйкес болады. Және кеткен шығындарды халықаралық іс-шаралардың есебінен аз уақыттың ішінде қайтарады».

Қаржысы ақталмаған күнде де осы стадион пайдалануға берілсе, Шымқаланың 30 пайыз халқы спортпен айналысып, өмір сүру ұзақтығы 74 жасқа жетеді екен. Ал аталған ғимараттардың барлығының құрылыс жұмыстары 2023 жылдың соңына дейін бітуі тиіс.

Меруерт Ахан