Қол күресінен Әлем чемпионы Ө.Шөкеевтің қолынан көліктің кілтін алды

209

Аймақ басшысы іссапарын Жаушықұм ауылдық округіндегі бақша өнімдерін өсіретін «Тұрар» шаруа қожалығын көруден бастады. Қожалық өз алқабында алдымен қарбыз егіп, өнімін ертерек жинап алған. Артынша шілде айында қырыққабат пен қызылша, пияз өсірді.

Жапония мен Швейцария, сондай-ақ Түркиядан сатып алынған заманауи технологияны пайдаланған шаруалар қымбат бағалы дән мен тамшылап суару әдісін қолданған. Нәтижесінде өнім сапалы әрі қалдықсыз шыққан. Қожалықтың жұмысымен танысқан облыс әкімі алдағы уақытта да әр ауылда осы екі кезеңді егіс жинауды жаппай қолға алуды тапсырды.

Айта кетейік, 2012 жылы ашылған қожалықтың жалпы аумағы 286,0 гектар жері бар. Күні бүгінге дейін жеке инвестициялық салымдармен қаржыландырылып келген шаруашылықта 20 адам жұмыс істейді. Олардың орташа айлық жалақысы 80 мың теңгені құрайды. Алдағы уақытта, «Тұрар» шаруа қожалығына 14,3 млрд теңге қаражат инвестицияланбақ. Осылайша 12500 адамды тұрақты жұмыспен қамту жоспарлануда. Қажетті қаржы Еуропа қайта құру және Даму банкісі тарапынан қарастырылуда.

«Тапсырманың тиянақты орындалғанын көріп тұрмын. Бірақ бұл тек бір ғана шаруа қожалығының атқарған ісі. Өнімнің сапасы да көзге көрініп тұр. Дәл осы бір жылда 2 -3 өнім жинау әдісін тұтастай барлық ауыл округтерінде қолға алу керек. Үйреніп, одан әрі дамыта түсу керек», – деді аймақ басшысы Өмірзақ Естайұлы.

Облыс әкімі бұдан кейін Шардара қаласындағы «Шардара» №18 ГЖС – нан тартылатын жоғары қысымды газ құбырын және «Өтеғұл» ықшам ауданында орамішілік орта қысымды газ құбырын салу» жұмыстарымен де танысты. Жоспар бойынша, ауданда 2023 жылдың 31-ші желтоқсанына дейін 80 мыңға жуық халық саны бар 22 елді мекен көгілдір отынмен қамтылмақ. Бұл тұрғындардың 99,45 пайызын құрайды. Өңір басшысы сапары барысында қалалық бас су торабының да жұмысымен танысты. Аталған торапта «Аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің «Шардара сервис» МКК коммуналдық қызмет көрсетуші болып табылады. 1983 жылы пайдалануға берілген су торабы бүгінде 5990 тұрғын үйге, 5457 тұтынушыға қызмет көрсетіп отыр.

Облыс басшысы мұнан соң «Шардара Армспорт» спорт клубына атбасын бұрып, дүниежүзінде өзіндік орны бар спортшылармен кездесті. Әлем чемпиондары аллеясының және таэквондо, каратэ, жеңіл атлетика залдарының ашылу салтанатына қатысты. Аталған аллеяға алғашқы ағашты отырғызды.

Сонымен қатар Түркістан облыстық №4 олимпиада резервінің мамандандырылған балалар-жасөспірімдер спорт мектебінің директоры, «Шардара Армспорт» спорт клубының негізін қалаған Арман Қарсыбаевпен кездесіп, спорттың дамуына сүбелі үлес қосып жүргені үшін алғысын білдірді.

Алдағы уақытта одан әрі қарай да чемпиондар шығара беруіне сеніммен қарайтынын айтып, ізгі тілегін жеткізді. Спорт клубына жас спортшыларды жарыстарға тасымалдайтын микроавтобусты тарту етіп, көлік кілтін қол күресінен Әлем чемпионы Мағжан Шамиевке табыстады. Шардаралық чемпиондармен естелікке суретке түсіп, оларға алдағы Румынияда өтетін Әлем чемпионатында жеңіс тұғырынан көрінулеріне тілек білдірді.

Аймақ басшысы бұдан бөлек «Тұрғын үй қорын жаңғырту» бағдарламасы аясында Шардара қаласындағы көпқабатты үйлердің күрделі жөндеу жұмыстарымен де танысты. Өз кезегінде жергілікті халық атқарылып жатқан жұмыстарға көңілдері толатынын айтып, ризашылықтарын білдірді. Айта кетейікғ 1970 жылы салынған төрт қабатты үйде 40 пәтер бар.

Қазіргі таңда 180 тұрғыны бар баспананың күрделі жөндеу жұмыстарын бас мердігері «Монолит Строй XXI» компаниясы жүргізуде. Жобалық құны 24 756 млн теңгені құрайтын құрылыс жұмыстары 3 ай көлемінде аяқталуы тиіс. Бұл ретте Өмірзақ Шөкеев қаладағы көпқабатты үйлердің тұрғындарына ендігі кезекте мемлекеттік кондоминиумдық нысанын тіркеп, құрылыс компанияларымен келісім-шартқа отыру керектігін атап өтті. Аталған үйлердің сыртқы келбетін де әрлеуге кірісу керектігін ескертті.

Сапар соңында облыс әкімі аудан орталығындағы индустриялық аймақта орналасқан «Ай-қажы Ақ-Алтын» ЖШС-і мақта өңдеу зауытының жұмысымен де танысты. 2018 жылы ашылған серіктестік жеке инвестициямен қаржыландырылады. Қаржылық салым құны 896,0 млн теңгені құрайтын кәсіпорын жылына 20 мың тонна мақта шикізатын өндіруге қауқарлы. Қазіргі таңда зауытта 125 адам еңбек етіп, олардың орташа айлық жалақылары 70 мың теңгені құрайды. Болашақта кәсіпорынды кеңейту арқылы жаңа жұмыс орындары ашылып, мақтаны терең өңдеу жұмыстары қолға алынбақ.

 

QAINAR KÓZТүркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі