«Анама қатысты бар шындықты білу үшін есейгім келді»

243

«Тағдыр» айдарына хат жолдаған кейіпкеріміз «Ана» деген аяулы атқа әркімнің де лайықты емес екенін айтқысы келеді. Басынан өткерген оқиға арқылы туған анасына ренішін де жеткізген. Кейіпкеріміздің бұл хатты жолдауына не түрткі болды? Ендеше Асылымның тағдырымен танысыңыздар. Оның хатында жазғанын қаз қалпында жариялап отырмыз.

Есімім – Асылым. Шымкент қаласының тұрғынымын. Отбасылымын. Аяулы жарым және Жаратқан берген екі балапанымның анасымын. Әкем және жалғыз інім бар. Ес білгелі анамды көрген емеспін. Көзімді ашып адам танығалы көргенім – әжем мен әкемнің жалғыз қарындасы – әпкеміз. Әкемізді де көп көрмейтін едік. Ауруханадан ауруханада жүретін. Ішімдікті шамасынан тыс ішетіні үшін денсаулығынан айырылған. Ес жинап, есейе бастаған соң, әжемнен анамды сұрадым. Ол «сөз түсінетін жасқа келгенде барлығын өзім айтып беремін» деп салқын ғана жауап беретін.
Шынымды айтайыншы, анама қатысты бар шындықты білу үшін тезірек есейгім келетін. Осылай қиялдап жүргенімде мектеп бітіретін уақыт та жетті. Әжеміз жасы келіп, сырқаттанып қала беретін еді. Сонда да бізді аш қалдырмады, жыртық киім кигізбеді. Ешкімнен кем қылмай өсірді.
Әкеміз ішімдіктің кесірінен қанша жапа шексе де, оны тастай алмады. Бірнеше рет туысқандар болып, үйлендіргісі келді. Бір кісіні әйел қылып алып берді де. Бірақ ол кісі жарты жылға да шыдамады.
Бір күні таңда оянғанымызда заттарын жинап кетіп қалған. Оған ешқандай ренжи алмайтыным анық еді. Өйткені бізді ол тұрмақ, туған анамыз тастап кетті ғой. Университетке оқуға түсер жылы әжем мені алдына отырғызып, бар шындықты айтты.
Айтуынша, анамыз әкемнің ішімдікке құштарлығына шыдамаған. Інім туған соң алты айдан кейін кетіп қалған. Екі баласы шыжылдап жылап жатса да, әжемнің қанша жалынғанына да қарамастан кеткен. Алғашында әжем «балалар менде қалады, кетер болсаң, өзің кете бер» деп айтқан екен. Сондағысы «балаларын қимай қайтып келеді» деген ойы болса керек.
Бірақ анам сол сөзге де мән бермеген. Жылап жатқан бізге мойнын бұрып та қарамаған екен. Сол кеткеннен қайтып, бір де бір рет бізді іздеп келмеген.
Әжем «Егер бір рет болсын келіп, алып кетпесе де, сендерді көргісі келсе, көрсетер едім, өйткені өзім де анамын ғой. Бірақ оның соншалықты тасбауыр болғанына таңым бар?» деген сөзі құлағымнын кетпейді.
Шынымды айтайын алғашында әжемнің сөзіне қатты сеніп кетпедім. Көбі шындық болса да арасында «біз оны жек көруіміз үшін кейбір сөздерді өтірік айтқан шығар» деген ой келді. Бір жағынан анама деген реніш бойымды кернесе, екінші жағынан оны да бір рет тыңдағым келетін. Ал інім болса, әжемнің айтқанына толық сенді. Ол шешесін көргісі келмейтінін кесіп айтты. Сондай адамның өзін туғанына қынжылатынын жеткізді.
Менің ішімде бір күдік бар еді. Әкем ішетін болған соң, күнде қол жұмсайтын шығар, соған төзе алмаған болар деген ойлар маза бермеді. Анамды өзімнің алдымда ақтап алғым келді. Бірақ әжем де әпкем де туыс-туғандарымыз да әкемнің достары да әкеміз қанша ішсе де ешқашан оған қол жұмсамағанын айтатын еді.
Әжем мен әпкем болса, анамызды іздесек, өздерін ұмытуымыз керегін айтатын. Сол қорқынышпен жүргенде де біраз уақыт өтті. Бір күні шешім қабылдадым. Ойымдағы сан сауалды бізді туған әйелге қойғым келетін. Неге тастап кеткенін және неге осы уақытқа дейін бір де бір рет іздемегенін көзіне қарап тұрып сұрағым келетін. Мен оны таптым. Тараз қаласында тұрады екен. Шымкенттен алыс емес.
2-курсты аяқтаған соң, ешкімге білдірмей Таразға іздеп бардым. Барған сәтте өз көзіме өзім сенбедім. Жағдайы өте жақсы. Отбасы бар. Үш балалы: екі қыз, бір ұлы бар екен. Күйеуі жап-жақсы жұмыс жасайтынын білдім. Мен үйіне барып, кім екенімді айтқан едім, сыртта кездескісі келетінін айтты. Үйіне кіргізбеді. Сол сәтте оның көзінен сәл де болсын бір өкініш байқамадым.
Маған «қызым» деп емірене қараған жоқ. Түсі суық, сұсты әйел. Айтқан жеріне бардым да сәл ойланып отырып, оны күтпей кетіп қалдым. Өзімді мазалаған сауалдың барлығына оны бір көрген сәтте жауап алған едім. Оның менімен кездесуге келген-келмегенін білмеймін. «Кетіп қалыпсың ғой, неге күтпедің» деп те іздеген жоқ. Хабар болмаған соң, оны күтпей қайтып кеткеніме қуандым.
Сол сәттен бастап оған деген жеккөрушілік сезімім арта түсті. «Әкемнің ішімдікке салынуына да сол адам кінәлі болған шығар» деген ой келді.
Әкемнің досының әйелінен естуімше, анасымағымыз әкемді жақсы көрмепті. Бірақ біз оның өзі туған балаларымыз ғой.
Мен оны «Ана» деген атауға лайықсыз» деп ойлаймын. Бір де бір рет бізді ойламағаны ма?!
«Бұлар не ішіп, не киіп жүр екен, қалай өсіп жатыр» деп бір рет те болсын алаңдамағаны таң қалдырады. Қазір екі баланың анасымын. Балаларымсыз тыныс ала алмаймын.
Жарайды, басқа балалары бар екен. Бірақ, неге бізді бір рет болсын ойламайды, іздемейді? Барып тұрған тасжүрек. Адам емес, ақымақ. Мен барып кеткенен кейін де 8 жыл өтті. Ол бізді әлі іздеген емес. Тірі екенін білемін. Қазіргі балалары оның соншалықты безбүйрек біреу екенін біле ме екен? Тым болмаса соларға жақсы ана бола алса, болғаны.
Бізде бәрі жақсы. Өзім отбасын құрдым. Інім үйленді. Әкеміз денсаулығына байланысты ащы суды іше алмайды. Келіннің күтімінде отыр.
Әкеммен бір де бір рет анам жайлы әңгіме қозғамадық. Сұрайын десем, «жанын жаралап аламын ба» деп қорқамын. Өзінің де айтқысы келмейтін сияқты. Осы кезге дейін ол жайлы тіс жарып бір сөз айтқан емес. «Жаман» деп те «жақсы» деп те айтпады. Ең бастысы – әкем қазір балалары мен немерелерінің ортасында бақытты өмір сүріп жатыр.
Мүмкін әкемнің ішімдікпен дос болуына сол шешесымағымыз кінәлі шығар? Кім білсін?!
Әкемізге тағар ешқандай кінәм жоқ. Алқаш болса да бізді тастамады. Әрқашан жанымыздан табыла білді. Інім екеумізді де оқытты-тоқытты. Ешкімнен кем қылмай өсірді. Бетімізге қарап ұрсып көрген емес. Қуанышта да, қиыншылықта да жанымызда болды. Әкелік мейірімін бере білді.
Осы кезге дейін бұрынғы әйелі жайлы бірде-бір рет жаман сөз айтпай, өзінің қаншалықты биік адам екенін көрсетті. Інім екеуіміз осындай әкеміздің болғанынан қуанамыз.
«Ана» деген қасиетті атқа лайықты емес әйелдің жазасын Жаратқан ием бере жатар. Оған жамандық тілемеймін. Ондай таяз адамға ренішім де жоқ. Осы қалпы бізден аулақ болса, болғаны…

«Оңтүстік Рабат», №39, 25 қыркүйек 2019 ж