Шымкентте жолды бақылау күшейтілді. «Автобус» акциясы аясында жергілікті полиция қызметкерлері қоғамдық көліктерді тексере бастады. Ереже бұзғандар рейдтің алғашқы күні-ақ анықталды. Автобус жүргізушілерінің көбі телефонмен сөйлесіп, жылдамдықты шамадан тыс арттырып, қауіпсіздік белдігін тақпайды.
Полиция қызметкерлері қалада ескертудің сан түрін алса да, ақыр соңы айыппұл тартылатын жүргізушілер аз емес екенін айтады. Биыл қоғамдық көліктердің қатысуымен төрт жол-көлік оқиғасы орын алып, екі адам қаза тапты. Полицияның қарауына қала арасында қатынайтын көліктер де кіреді. Жолаушылар қауіпсіздігі үшін мұндай автобустар да тексеруден өтеді.
Ерғали Сүлейменов, Шымкент қалалық ІІД жергілікті полиция қызметінің бастығы: «Қазір біз Шымкенттен шығатын қалааралық рейстерді, олардың қайта жабдықталуын тексеретін боламыз. Қазіргі таңда автобус жүргізушілері көбінесе жол үстінде телефонмен сөйлесіп, ереже бұзып жатады. Жылдамдықты шамадан асырып жүйіткитіндер сондай-ақ көлікті техникалық байқаудан уақтылы өткізбейтіндер бар. Біз осының бәрін тексереміз».