Бозарықтық тұрғын үй салып, көшені жауып тастады

216

«Бозарық 1» елді – мекенінің бірнеше жүздеген тұрғындары қаламен қатынассыз қалды. Садовая көшесіндегі 5 соттық жер теліміне баспана тұрғызған тұрғын Бозарық каналының үстінен өтетін көпірді жауып тастаған.

Көршілерінің көшені жабуға жасаған әрекетін байқаған тұрғындар шағымдарын арқалап Қаратау ауданы әкімдігіне бірнеше мәрте барып, мәселені шешіп беруін өтінген. Бірақ ондағы мамандар қол ұшын бермепті. Ашынған жұртшылық біздің телеарнаға шағымданды.

Бүтіндей бір ауылды шулатқан азаматтың тұрғызған мына баспанасы бірнеше көшенің түйіскен жерінде орналасқан. «Үй салып, көше жапқан оның әрекеті тек тұрғындарға емес табиғатқа да кері әсерін тигізіп отыр», дейді көршілері.

Айтуларынша құрылыс жүргізгендер Бозарық каналының жиегін талқандап су ағатын бөлігін бекітіп тастаған. Алдағы жауын шашында су тасу қаупі бар деп алаңдаулы. Одан қалса, оқушылар мектепке бару үшін бірнеше шақырымдай жол жүруге мәжбүр.

Арыздарын арқалаған жерлестеріміз Қаратау ауданы әкімдігінен де араша сұраған. Құрылыс иесі де қолында бар құжаттарын аудан әкімдігіне тапсырыпты. Мәселе сонымен тыныпты.

Бүгінгі айқайдан кейін аудан әкіміндегілер баспана тұрғызып, көшені жапқан азаматтың әрекетінің қаншалықты заңды екенін анықтауға кіріседі. Шенеуніктер мәселенің шешімін тапқанша осындағы жастың да, қарияның да жүріп тұруы қиын күйде қала бермек.

Нұрлан Күдерұлы