Қала әкімі аулаларын су басқан үйлерді тазарту жұмыстарын өз бақылауына алды

116

Бүгін Шымкент қаласындағы Абай ауданына қарасты Қарасу көшесіндегі бірнеше үйдің маңындағы жер асты суы көтеріліп, аулалары мен жертөлелерін су басты. Осы мәселені өз бақылауына алған қала басшысы Erlan Aitahanov оқиға орнын аралап, тұрғындармен тілдесті.

Тиісті жұмыстар жүргізілетінін айтып, жауапты сала жетекшілеріне су тасқынының салдарын жоюға бағытталған нақты техникалық тапсырмалар берді.

Сонымен қатар Ерлан Қуанышұлы алдағы уақытта осы жағдай қайталанбас үшін аталған аймақты зерделеп, бұрын болған тік дренаждық жүйені қалпына келтіру жұмыстарын жүргізу керегін айтып, салалық басқарма мен аудан әкімдігіне жобалық-сметалық құжаттамаларды дайындауды міндеттеді.

Айта кетейік, Қарасу өзенінің жағалауында орналасқан үйлердің тұрғындары жаз мезгілінде су деңгейін көтермек болып бөгеттер жасаған. Ал, қазір мол түскен жауын-шашын мен жер асты су деңгейі көтеріліп, бірнеше баспананы су басқаны анықталды.
Қазіргі уақытта су сору жұмыстарына 30 шақты қызметкер мен 6 бірлік техника және 2 мотопомпа жұмылдырылды.