Жаңаталаптықтар тағы да уәдеге қарық болды…

291

«Бір үйге сыймай жатыр. Соның жетіспеушілігінен көп отбасылар ажырасып кетіп жатыр. Осы мәселе… Тағы, тағы, тағы…».

 


«Жаңаталап» тұрғындары бүгін депутаттар алдында қордаланған мәселесін жарыса жеткізді. Абай ауданына қарасты бұл елді-мекеннің қала қатарына қосылғанына 4 жыл. Содан бері баяғы жартас. сол жартас. Ауыз су, көгілдір отын мен кәріз жүйесі жөнге келмеген. Енді оған қоғамдық көлік жыры қосылыпты.


«Халықтың мұң мұқтажын айтуға келіп тұрмын. Әкімдер 6 ай сайын ауысып кетеді де «жабулы қазан, жабулы» күйінде қалады. Қазір көшемізден белуардан лай кешіп шықтық». Алтыншаш Есенгелдиева «Жаңаталапта» 20 жылдан бері тұрады. Содан бері ауыз суды ауладан тасып ішіп, тамақты баллондағы газға жасайды. Ал, қыстың күні жылытқышты қосуға мәжбүр. Осылайша бір пәтерде бір бөлме ғана жылып, тұрғындары сыртқы киіммен жүреді.

Алтыншаш Есенгелдиева, қала тұрғыны: «Амал жоқ калонкадан кезекке тұрамыз су тасып жинап аламыз. Тамақ бар, шай бар, келім кетім бар, кір жуамыз. Үйде пальто киіп жүремін».

«Жаңаталаптағы» ауыз су жыл соңына дейін шешіледі. Тұрғындармен тек депутаттар келгенде кездесу бұйырған аудан әкімі осылай уәде берді. Ол үшін бюджеттен 2,5 млрд. теңге бөлінген екен. Жұртты шыдамға шақырған мінбедегілердің халыққа айтары мұнымен бітпейді.

Дархан Мыңбай, ҚР Парламент Мәжілісінің депутаты: «Бұрын келіп уәде беріп, кетіп қалған деп айтады. Бірақ ол жалпылама сөздер. Өйткені мен сұрап отырмын ғой кім келді десем, айта алмайды. Яғни, тұрғындардың да сана сезімі өсу керек, өзгеру керек. Өздеріне көп нәрсе байланысты».

Өркениеттен жырақ қалған «Жаңаталапта» дәретханалардың да сан түрін таба аласыз. Кәріз жүйесі қарастырылмаған елді – мекеннен олардың жуық арада жойылмайтыны анық.

Назерке Үкібасова