Қайтпастықтар балшық кешіп жүр…

314

«Тізеден балшыққа батамыз». Арнамызға шағымданған Шымкенттегі «Қайтпас-1» шағынауданының тұрғындары жол азабын тартып отыр. Айтуларынша, былтырғы жылы елдімекендегі барлық көшелер жөндеуден өткен. Тек Атамекен, Тұран көшелері бұл жұмыстардан тыс қалып қойды деп шағынады жергілікті жұрт.

Жөндеу көрмеген бұл көшелерден адам түгілі көлік әрең жүреді. Мүгедектер мен қариялар қазір сыртқа шығуды да қойды деп ашынады жұрт. Ал таңертең, кешкісін мектепке қатынайтын оқушылар жарығы жоқ көшеде лайға батып қалады екен.

«Жазда шаң қауып, қыста лай кешіп жүреміз» деп шағынған тұрғындар билік өкілдеріне бірнеше рет хат та жазғандарын айтады. Алайда, «қарастырамыз» деген жауаппен шектелетін шенеуніктерден әзірге қайран болмай тұр.

Қоныстанғанына ұзын-ырғасы 20 жылдай уақыт болған тұрғындар кезінде су мен жарық, электр желілерін де өздерінің күштерімен жүргізіп алғандарын айтады. Енді «жолды да өзіміз салып алуымыз керек пе» деп арызданады жұртшылық.

Былтыр «Қайтпас 1» шағынауданында көшелердің көбісі жөнделіпті. Жөндеусіз қалғаны көбіне зейнеткерлер мен мүгедектер тұратын Атамекен, Тұран көшелері ғана дейді тұрғындар.

Көшелердің жөндеуін былтырғы жылдың жоспарына енгізбей қойған шенеуніктер тиісті басқармаға ұсыныс жолдағандарына сендірді. Айтуларынша қазір екі көшенің сметалық құжаттамасы әзірленіп қойыпты. Қысқасы, әл-әзір жолдың жыры бітетін түрі жоқ. Тұрғындар көшелерді асфальттеуге қаралатын қаржы оңтайлы шешілгенше лай-батпаққа батуға мәжбүр.

Мақпал Рысбаева