Кіші сержант әскери бөлімнен қару-жарақпен қашып кетті

631

«Шымкент қаласының маңындағы әуе шабуылына қарсы қорғаныс әскери бөлімдерінің бірінде келісімшарт бойынша қызмет етіп жүрген кіші сержант А. Балғынбай А., кезекшілік құрамында бола тұра өз бетімен әскери бөлімді тастап кеткен. Сонымен қатар қару-жарақ сақтау бөлмесінде белгілі бір мөлшерде қару-жарақтың жетіспеушілігі анықталды. Құқық қорғау органдарының және әскери полицияның күштері әскери қызметшіні және жоғалған қару-жарақты іздестіру және ұстау үшін барлық қажетті жедел-іздестіру шараларын, сондай-ақ қауіпсіздікті қамтамасыз ету шараларын қабылдауда», – делінген ҚР Қорғаныс министрлігінің ресми хабарламасында.

Естеріңізге сала кетейік, әскери бөлімде біраз қару-жарақ ұрланған болатын. Әлеуметтік желілерде жіберілген қызметтік есептердің фотоларында 20 ақпанда 10/216 әскери бөлімінің келісімшарт бойынша әскери қызметшісі, 1995 жылы туған Абылай Балғынбай кезекшілік кезінде кілттерді шығарып, дабыл жүйесін өшіріп, әскери бөлімінің аумағынан АК-74 30 бірлік, 9 мм PM – 27 бірлік, АК патрондары – 420 бірлік, ПM патрондары – 48 бірлік, травматикалық ПМ 1 бірлік өткізгені туралы хабарланған болатын.

Бас әскери прокуратураның баспасөз қызметі қару-жарақтың жоғалу фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалғанын мәлімдеді. Бұл ақпаратты Шымкент гарнизоны бастығының орынбасары Ермек Шалбаев растады.

«Ұстау» жоспары енгізілді. Әскери және полиция күштері әскери бөлімнің аумағында шоғырланған.