Уланған балалар: Шымкентте пәтерге дезинфекция жасаған азаматтың рұқсат қағазы болмаған

290

Шымкентте көп қабатты үйдегі екі отбасының улануы себеп болған жағдайға қатысты тың деректер шықты. Дизенфекция жасаған азаматты тексере келе, санитар дәрігерлер оның залалсындандыру жасауға рұқсат қағазы болмай шыққанын анықтады.

Бұған қоса, пәтер ішіне химикатпен өңдеу жұмыстарын жүргізген азаматтың тәжірбиесі болмай шыққан. Яғни, ол ғаламтордағы желі арқылы дезинфекция жұмыстарының нұсқауын көріп, өз бетіншен дәрілеу жұмыстарын жүргізіпті.

Мұрат Бейсенбаев, Шымкент қалалық тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау басқармасының Еңбекші ауданы бойыншы басшысы: «Сол кезде заласыздандыру жұмыстарын жүргізген азамат анықталды. Ол іс – шараларды өзім атқардым деп отыр. Бірақ залалсыздандыру жұмыстарын жүргізген адамның ешқандай тұлға, ешқандай құқығы да болмаған. Базардан сатып әкеліп жүргізген болуы мүмкін. Бұл кісі ешқандай жерде тіркелмеген. Ғаламтордан көріп алып, базардан сатып алдым деген. Кейін сатушының айтуы бойынша залалсыздандыру жұмыстарын жүргізіпті. Соның әсерінен уланған болуы мүмкін. Бұл енді нақты сараптаманың нәтижесінен кейін белгілі болады».

Айта кетейік, қайғылы жағдай 13 ақпан күні қаладағы «Теріскей» шағынауданындағы көп қабатты үйлердің бірінде болған. Үйін жәндіктерден тазартпақ болған азаматша, залалсыздандыру жұмыстарын жүргізген. Салдарынан үш бала ауруханаға түсіп, 8 айлық сәби көз жұмды. Оқыс жағдайдан уланған бесеу – ағайынды, екі отбасының мүшелері. Қазір бұл іспен полиция да айналысуда. «Абайсызда қазаға ұшырау» бабы бойынша тергеп-тексеру амалдары басталған.

Санитар дәрігерлер пәтерлерді залалсыздандырғанда мейлінше абай болған жөн деп ескертеді. Нақтырақ айтқанда, мамандар дезинфекция жұмыстарын жүргізу үшін арнайы мекеме мамандарын шақыртып, рұқсат қағаздарын тексеріп алған жөн дейді. Заласыздандыру жұмыстарын жүргізетін мамандар міндетті түрде санитар дәрігерлерге барып тіркеліп, жұмыс атқаратыны жөнінде хабар беруі тиіс.

Лаура Нақыпқызы