Ұлттық орталық Шымкенттің жолдарын тексеруде

202

Қазақстанның жол сапасын тексеру орталығы Шымкент жолдарын тексеруге шықты. Шымкенттегі өткен жылғы мұндай тексеру 800 ескертпемен аяқталған еді. Мамандар пайымынша қала жолдары талапқа сай болмаған.

Шымкенттің жол сапасын тексеруге шыққан мамандар алдымен «Нұртас» шағын ауданындағы Саяхат көшесіне келді. Мұндағы асфальт бірер күн бұрын төселген. Жол жиегіндегі асфальтті кесіп алған олар енді оны экспертизаға жібереді. Осылайша мамандар мемлекеттік сатып алуда ұтып шыққандардың адалдығын анықтамақ. Айта кетейік, Шымкенттегі өткен жылғы мұндай тексеру 800 ескертпемен аяқталған.

Қайрат Шәкіров, Жол сапасын тексеру Ұлттық орталығының өкілі: «2019 жылдың қорытындысы бойынша Шымкенттегі жол құрылысындағы қателіктерге 816 ескертпе жасалған. Енді міне тағы жолаушылар тасымалы және жолкөлік басқармасымен бірге тексеруге шықтық. Тексерген барлық құрылыс әзірге талапқа сай болып тұр».

Ал, Шымкенттің жолына жауапты басқарма мамандары қала жолының мінсіз екенін айтады. Сөздерінше, қыстан кейін көшелерде азды-көпті шұңқырлар пайда болған. Бірақ, оның барлығы да таяуда жөнделеді.

Қайрат Баймендиев, АЖ басқармасының бөлім басшысы: «Әдетте қыстан кейін жиналған сулардың кесірінен жолдарда аздаған шұңқырлар пайда болады. Ауа-райы енді қалпына келді. Міне, наурыз және сәуір айында мұндағы жұмыс қыза түседі. Негізі Шымкенттегі жолдар жақсы».

Ал, қала тұрғындары жолға жауаптылардың бұл сөзімен келіспейді. Басым бөлігінің жол сапасы мен жаяу жүргіншілер жолағына көңілі толмайды. Үнемі қаладағы орталық көшелерге көңіл бөлінеді деген олар шет жақтың назардан тыс қалатынына наразы.

Биыл Шымкент көшелерін жөндеуге бөлінген қаржы өткен жылғыдан екі есе көп. 18 млрд. теңгеге 60 көше күрделі жөндеуден өтсе, 162-і орташа жөндеуден өтеді.

Назерке Үкібасова