42 500 теңгені заңсыз алғандар тексеріле ме?

95
фото inform.kz

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетов Facebook-парақшасында 42 500 теңге әлеуметтік төлемді алу кезіндегі жауапкершілік туралы айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат

«Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінде азаматтарды жауапкершілікке тартатындай құзырет жоғын бірден айтайын. Бізде мемлекеттік еңбек инспекциясы бар еді. Оны 2013 жылы әкімдердің құзырына берді. Сол себепті біреуді жауапқа, болмаса қылмыстық жауапкершілікке тарта алмаймыз», – деді министр.

Ведомство басшысы 42 500 теңге әлеуметтік төлем кімдерге арналғанын тағы еске салды.

«Төтенше жағдай енгізілген уақыттан бері КІРІСІН ЖОҒАЛТҚАН АЗАМАТТАРҒА әлеуметтік төлемді (42500 теңге) АЙЛЫҚ ЕҢБЕКАҚЫСЫ САҚТАЛМАЙТЫН ДЕМАЛЫСҚА жіберілген жалдамалы жұмысшылар алуға құқылы екенін айтып, түсіндіріп келеміз. Алғашқы күннен бұйрықта да (Ереже) осылай жазылды және ол өзгерген емес! Өкінішке қарай ЖҰМЫСЫН ІСТЕП, АЙЛЫҒЫН алып жүрген жалдамалы жұмысшылардың көбі (яғни оларды айлығы сақталмайтын демалысқа ешкім жібермеген) 42 500 теңгеге өтінім бергені анықталды. Ережеге сәйкес сізде бұл төлемді алу құқығы жоқ болған! Маған кейбіреулер «онда неліктен сіздер бізге төлем аудардыңыздар?» деп сұрақ қояды. Себебі өзіңіз (немесе жұмыс берушіңіз) өтінімді беріп отырсыздар. Ол өтінімде жұмыс беруші айлығыңыз сақталмайтын демалысқа жібергенін, кірістен айырылғаныңызды жаздыңыз», – деді Біржан Нұрымбетов.

Министр уәжі бар азаматтардың тағы бірі «неліктен сіздер өтінімді қараған кезде оның бәрін тексеріп алмадыңыздар?» деп сұрақ жолдайтынын айтады.

«Біз оны тексере алмадық. Себебі мынада: Ереженің алғашқы нұсқасында біз жұмыс берушіден жұмысшыларды айлығының сақталуынсыз демалысқа жіберетіні туралы бұйрықтың көшірмесін немесе ақшаның жоқтығынан жұмысшыларға айлық төлей алмайтынын дәлелдейтін басқа да бір құжатта жолдауды талап еттік. Екінші күні жұмыс берушілер, жұмысшылар, қоғам өкілдері, кәсіпкерлер палатасының өкілдері бұл амалдың тым бюрократиялық сипатқа ие екенін, жұмыс берушілер үшін egov арқылы сканерленген құжатты бекіту қиынға соғатынын жеткізді. Біз бұл ескертпені назарға алып, аталған талапты алып тастадық. Тек өтінім беруші ТЖ-ға байланысты кірісін жоғалтқанын және келтірілген мәліметтердің шынайылығы үшін жауапкершілік артатынын РАСТАЙТЫН ӨТІНІМДІ қалдырдық. Яғни ХАБАРЛАНДЫРУ қағидатын қолай көрдік», – дейді ол.

Б.Нұрымбетов бұл ретте жұмысшылардың көбінің талап-тілегі (жұмыс берушілері олар үшін өтінім беруге асықпаған) ескерілгенін де айтады. Себебі жұмысшыларға еңбек ететін компаниясының БИН нөмірін көрсете отырып, өтінім беру мүмкіндігі берілген.

«Қоғам өкілдерінің бұл ретте ескертпесін тыңдап, дұрыс істедік деген ойдамын. Осыдан кейін сіздің айлық сақталмайтын демалысқа шығатыныңыз туралы бұйрықты қалай тексере аламыз? Мүлде тексере алмаймыз. Сіз өз өтініміңізбен мәліметтің бәрін бердіңіз, біз оны қабылдадық. Көп адам «мәліметтер базасы болғаннан кейін бұл ереже бұзушылықтың бәрін тексеру кезінде анықтауларың керек еді» дейді. Алайда біздің базада сізді айлықсыз демалысқа жіберу туралы бұйрық жоқ. Себебі сіздердің талаптарыңыз бойынша мұндай бұйрықты тапсыру ережесін алып тастап, хабарландыру сипатына ауыстырдық. Оның үстіне біз мүлде шықпаған бұйрық қайдан болсын (сіз демалысқа кетпей, жұмысыңызды жалғастырып, айлықты алып жүрсіз, яғни сіз ТЖ кезінде табысыңызды жоғалтпадыңыз)», – деп жазады министр.

Осы себепті ведомство басшысы «кім төлемді тағайындады – сол кінәлі» деген оймен келіспейтінін жеткізді.

«Осы жазғанымның бәрі ТЕК жұмысын істеп жүріп, айлығын алып жүріп, 42 500 теңгені алуға өтінім берген адамдарға ғана қатысты. Әйтпесе ереже бойынша бұл төлем негізінен айлықсыз демалысқа жіберілген жалдамалы жұмысшыларға ғана берілуі керек еді. Осыған байланысты 42 500 теңгеден аударып отырған Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қоры (МӘСҚ) заңсыз беріліп кеткен төлемді қайтаруды талап етуге толық құқылы. Жалпы МӘСҚ 42 500 теңгеден бөлек мүгедектерге, асыраушысынан немесе жұмысынан айырылғандарға, жүкті әйелдерге, бір жасқа дейінгі баланы тәрбиелеп отырғандарға төлем аударады», – деп еске салды Біржан Нұрымбетов.

Біржан Нұрымбетов сонымен қатар 42 500 теңге алған адамдарға қатысты қандай да бір ТЕКСЕРУДІ бастамайтынын мәлім етті.

«Жоғарыда аталған жалдамалы жұмысшылар мен жұмыс берушілерден басқа ешкімді тексермейміз. Сіздің адал түрде өтінім беріп, заңды түрде ақша алғаныңызға сенімдімін. Өзіңізді және өзіңіздің жақындарыңызды сақтаңыздар», – деп түйді министр.