Карантинде отырған шымкенттіктер бос уақытты тиімді өткізудің жолын тапты

237

Шымкент қаласында коронавирус жұқтырғандардың саны 11-ге жеткені ескеріліп қала аумағында сәуірдің 4-нен бастап карантин жариялағанын тұрғындар қолдап отыр. «Үйде отырудың қажеттілігі айтылса да, бірқатар жерлестеріміздің дала кезіп қыдырып жүргені алаңдатады»,- дейді олар.

Құрбанбаевтар отбасы елімізде төтенше жағдай жарияланғаннан бері оқшауланған. «Күнделікті теледидар арқылы айтылып жатқан «үйде болыңыздар» деген талапты, сақтық шараларын мұқият сақтаудамыз. Үйде отырғанда да қол қусырып отырған жоқпыз, ауладағы учаскеде қызанақ көшеттерін отырғызып, таза ауада еңбектенудеміз немелерімізбен» дейді отағасы.

«Індеттің таралуына тұрғындарымыздың бейқамдығы, жауапсыздығы да сеп болуда»,- дейді Балтабай аға. Дерттің қаншалықты қауіпті екенін біздің жерлестеріміз әлі де түсінбеген сияқты. Қыдыруларын қоймайды.

«Жауапкершілік мүлдем жоқ қой. Арыстағы карантинге оқшауланған азаматтың қашып кетуі қандай жауапсыздық. Ең болмаса өзінің балалары, ата-аналарының денсаулығын  ойламайды ма? Әрбір отбасында сақтық шаралары жайлы тұрақты айтылуы тиіс. Осындай сын сағатта барлығымыз бірігіп елдің тұтастығын сақтап қаламыз десек үйде отыруымыз керек. Қауіпсіздік шараларын орындау әрбіріміздің міндетіміз»- дейді Балтабай аға.

Шынар Оразова