Шымкент: Карантиндегі тұрғындарға көмек көрсетіле бастады

220

Карантинге жабылған үй тұрғындарына көмек келе бастады. Бүгін демеушілер азық таусылды деп дабыл қаққан Мақталы көшесіне азық-түлік әкелді.

Олар тұрғындар мұқтаждығын жаңалықтан естігенін айтады. 60 жанұяға жеткізілген әр қорапта, ең керекті тамақ түрлері бар. Ал, оны көрген тұрғындар бір марқайып қалды. 6 күннен бері төрт қабырғаға телмірген жұрт карантиннің аяқталар күнін күтіп жүргенін айтады.

«Азықсыз қалуға шақпыз» деген Мақталыдағы тұрғындарға ақыры көмек жетті. 6 күннен бері төрт қабырғаға телмірген тұрғындар күні кеше ішетін ас таппай жатқанын айтқан еді. Қолдау сұраған көпшіліктің дауысын естір құлақ табылып, міне көлік толы ас-ауқат жеткізілді.


«Алғысым шексіз. Қуанып тұрмыз. Тұрғындар расында да тығырыққа тірелген еді. Енді бір демеу болатын болды, дейді тұрғындардың бірі.

Еске сала кетейік, бұл үй өткен аптадан бері карантинде. Өйткені мұндағы бір жанұя инфекция табылған науқаспен байланыста болған. Нәтижесінде отбасы мүшелері ауруханаға жіберіліп, бірінен вирус анықталды. Салдарынан бүтіндей бір тұрғын үй оқшауланған. Күтпеген жерден қоршауда қалған тұрғындар болса осыған дейін азықты өз қаржысына сатып алып келді. Бірақ, оның да аяқталуға шақ қалғанын айтқан едік.

Шымкент бойынша бүгінде 6 аумақ карантинге жабылған. Алғашқысы Жаңаталап, кейін Мақталы, Самал-1, Желтоқсан, Н. Төреқұлов көшесі мен 8-шағын аудан. Жәрдем сұраған ондағы тұрғындарға да демеушілер қол ұшын беріп жүр екен. Әкімдіктегілер қолдау білдірем деген жандарды қашан да құшақ жая қарсы алатынын айтады.

Назерке Үкібасова