ҰОС ардагері Василий Трункин жерлестерін Жеңіс мерекесімен құттықтады

235
ҰОС ардагері Василий Андреевич Трункин

Биыл Жеңістің 75 жылдығын ҰОС ардагерлері жылдағыдай мерекелік шерумен тамашалай алмайды. Себебі коронавирус індетіне байланысты енгізілген төтенше жағдай режиміне байланысты олар айтулы датаны өз отбасымен қарсы алады.

«Отырар» телеарнасы сұрапыл соғысқа қатысқан майдангерлерді көрермендермен таныстыруды жалғастырады. Бүгінгі кейіпкеріміз – Еңбекші ауданында тұратын Ұлы Отан соғысының ардагері Василий Андреевич Трункин.

Сәуірдің 10-ында 94 жасқа толған Василий Андреевич карантин кезінде далаға шықпай, үйде оқшауланған. Жаңалықтарды, әлемде болып жатқан оқиғаларды басылымдардан оқып, біледі. «Құлағым жақсы естімейді, көзім көретініне ризамын» дегенді алға тартқан ардагер «әлемде тараған коронавирусты жеңеміз, өйткені соғысты да жеңдік қой»,- дейді.

«Соғысқа 1943 жылы 17 жасымда аттандым. 98 атқыштар полкі Пенза облысындағы Силика станциясында орналасқан болатын. Ол жерде дайындықтан өтіп, 3-ші Белорус майданы қатарында шайқастым,- дейді ҰОС ардагері  Василий Трункин.

Қатардағы жауынгер авиация әскерінің 208 полкімен бірге Белорусияны, Литваны неміс басқыншыларынан азат етіпті. «Шекарадағы үлкен қақтығыста қалай тірі қалғаныма әлі де таң қаламын, Жеңіс жайлы жаңалықты Шығыс Пруссияда естідік» деп есіне алды майдангер.

«Мамырдың 8-інен 9-ына қараған түні біздің офицерлер келіп, көптен күткен «Соғыс аяқталды. Біз Жеңдік» деген жағымды ақпаратты жеткізді. Қуанышымызда шек болмады. Ұйқы жайына қалды. Айналада бірін бірін құшаққа алған әскерилер. Қуаныштан барлығы қаруларынан аспанға оқ атып жатты. Ертесіне сапқа тұрдық, ресми түрде Жеңіспен басшылық құттықтады» дейді ардагер.

1945 жылы ҰОС аяқталғанымен Василий үшін әскери қызмет жалғасты. Алдын Шығыс Пруссияда, кейін Калининградта 12 жыл бойы қызмет еткен. 1958 жылдары елге оралып, Шымкенттегі №78639 әскери бөлімінде абыроймен зейнетке шыққанға дейін сапта болды. Бүгінде ел қатарлы өмір сүріп жатқанына шүкіршілік етеді.

Майдангер «қаруластарымен міндетті түрде кездесемін әзірге амандығым жайлы арналарыңыздан материал көре тұрсын» деп сәлемдемесін жіберді.

«Барлықтарыңызды 9 мамыр Жеңіс күнімен құттықтаймын. Денсаулық, ең бастысы денсаулық тілеймін. Жастарға айтарым жалқауланбай еңбек етсін. Мереке құтты болсын» деді.

Шынар Оразова