Қаладағы көпқабатты үйлердегі сейсмикалық күшейту жұмыстары биыл аяқталады

290

Шымкенттегі Асанбай Асқаров көшесіндегі №9 көпқабатты үйде күрделі жөндеумен бірге сейсмикалық күшейту жұмыстары жүргізілуде.

Ағымдағы жылдың мамыр айында құрылысы басталған бесқабатты үйдің шатыры толығымен жаңаланады.

«Іргетасы өткен ғасырдың 60 жылдары қаланған үйдің шатыры шұрқ тесік, жаңбыр болса, жауын суы төменгі қабаттарға дейін жететін еді. Ал үйіміздің қас бетінен барлығы шошитын еді» дейді тұрғындар.

Людмила Захарова

Людмила Захарова, А. Асқаров көшесіндегі №9 үйдің тұрғыны: «Арызданған жеріміз қалмады. Ауданнан бастап қала, облыс әкімдігіне, «НұрОтанға» да шағымданған едік. Келіп көреді де, жөндейміз деп уәде беретін. Он жыл күттік осы құрылысты. Әйтеуір, жеттік. Енді барлығы жаңаланады. Құрылысшылар жұмысты қазанда бітіреміз дейді. Оған да көндік. Сапалы жасап берсе болғаны».

Мердігер компанияның басшысы құрылыс басталғаннан бері осында. Жобалық- сметалық құжатта көрсетілген жұмыстардың барлығын талапқа сай жүргіземіз деп сендіруде. Бір бригада үйдің сыртқы қабырғаларын сылап жатса, екіншісі кіреберістегі сылақ жұмыстарын аяқтауға жақын.

Күрделі жөндеу барысында үйдегі жарықтандыру жүйесі, жер төлесіндегі су, кәріз жүйелері жаңаланады. Сонымен бірге подъездегі терезелер де алмастырылады. Жобалық сметалық құны 140 млн. теңге.

Сейсмикалық күшейту және жөндеу жұмыстары Абай даңғылындағы 33 «б» үйінде де жүргізілуде. Әрлеу жұмыстары аяқталған бойда мамандар электр сымдарын алмастыруда.

Сейсмикалық нығайту жұмыстары Жандосов, Алдияров, Диваев, Уәлиханов, Жібек жолы көшесіндегі және 3 шағынаудандағы көпқабатты үйлерде де жүргізіледі. Тапсырыс беруші қалалық энергетика және коммуналдық шаруашылық басқармасының мәліметі бойынша 12 тұрғын үйдегі жұмыстар жылдың соңына дейін аяқталуы тиіс. Оған бюджеттен 887 млн. -ға жуық қаржы  бөлінді.

Шынар Оразова