Шымкентте Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің салымшылары уәделі баспаналарға қол жеткізе алмай жүр. Олар былтыр желтоқсанда қоныс тойын тойлауы тиіс болған.
«Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша ипотекаға құжат рәсімдегендердің пәтерлері қаңтарда аяқ асты жастарға бұйырып кеткен еді. Енді бұл мәселеге қала әкімі Мұрат Әйтенов араласып, шешілуіне ықпал етті.
Бүгін салымшылар банк алдына жиналды. Олардың алды басыбайлы баспаналарын он жылға күткен. Айтуларынша барлығы пәтердің жарты ақшасын әлдеқашан құйып қойған.
Айман Серікқалиқызы, салымшы: «Ақпан емес қанша ай өтті, әлі жүрміз. Мен өз басым пәтер жалдап жүрмін. Екі балам бар, пәтер жалдап жүрмін. Ал мен өзімнің пәтеріме неге төлемеймін сол ақшаны?.. Сегізінші айға кетіп бара жатыр. Пәтерақыға 70 мың теңге төлеймін»
Гүлнара Дүйсенбаева, салымшы: «Ол үйді қайта қайта барып көріп жатырмыз. Үй толық біткен. Барлық толық жұмыстары біткен. Білмеймін, біткен үйді не үшін берілмей жатқанын бізге. Сол жағы түсініксіз. Бір біріне сілтейді. Ақша бөлінген жоқ «Нұрлы жер» бағдарламасына дейді».
Ал банк өкілі құжаттарды рәсімдеу жұмыстары қолды ұстағанын айтады. Ол мұны карантин шектеулерімен байланыстырды.
Нұрлан Сұлтанов, Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі бизнесті дамыту бөлімінің басшысы: «Үй 31-мамырда бітті. Қазір объектінің техникалық паспорты дайындалды. Енді пәтерлік тех паспорт дайындап жатыр. Енді оны тұрғын үй басқармасына өткізеді оны».
Бұл жауап салымшылардың көңілін демдей қоймады. Қала әкімінен көмек сұрағандары да сондықтан. Жағдайды ой елегінен өткізген шаһар басшысы бұл мәселенің нүктесін қоятын жолды көрсетті. Енді банк өкілдерімен келісе келе құжаттандыру жұмыстары аяқталмаса да тұрғындар пәтерлерге жайғастыра беретін болды. Осы аптаның аяғында алғашқы отыз отбасы бұйыртса жаңа қонысқа кіреді.
Мұрат Әйтенов, Шымкент қаласының әкімі: «Жұма күні кілтін береді. Бірақ процедурасы әрі қарай жалғаса береді. Мен ертерек беріп жатырмын да ..көшіп бара бересіздер. Кейін ақшасы бөлінгеннен кейін келісімшартқа қойып әрі қарай жұмыс жасай бересіз, келістік қой?! Ал №1 мен №2 үйде әлі тех паспорттар дайын емес. Оны қазір бір айдың ішінде мен тырысам бітіруге …негізі 1 -2 айдың ішінде…».
176 салымшының барлығы бір ай ішінде жаңа қонысқа жайғастырылатын болды. Шаһар басшысының уәдесі осы.
Мақпал Рысбаева