Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл Агенттігінің Шымкент қаласы бойынша департаменті жанынан мемлекеттік органдар мен қоғам белсенділерін құрылған Жұмысшы топ «СК-Фармация» ЖШС Шымкент қаласы бойынша өкілдігінің қоймасына гуманитарлық көмек ретінде Ресей Федерациясы мен Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымынан жеткізілген медициналық тауарларды есептеп, ауруханаларға жеткізілуін қамтамасыз етті.
Мониторинг жұмысына Департамент басшысының бірінші орынбасары Т.Серікбаев, Арнайы мониторингтік топ, «Шымкент-адалдық алаңы» жобалық кеңсесі мен жастар белсенділері қатысты.
Басты мақсат – тауарлардың халыққа, денсаулық сақтау ұйымдарына уақытылы жеткізілуін қамтамасыз ету, сыбайлас жемқорлық тәуекелдерінің алдын алу болып табылды.
Гуманитарлық көмек ретінде коронавир препараты мен түрлі мақсаттағы қорғаныш бетперделері мен киімдер, көзілдіріктер бар. Оның ішінде, медициналық, хирургиялық бетперделер 20 000 дана, медициналық халаттар 6 700 дана, респираторлық бетперделер 54 000 дана, 25 000 дана бетке арналған қорғаныш қалқанша, 3 800 дана көзілдірікке арналған қорғаныштар жеткізілген.
Сонымен қатар, әр тауарға үшінші тұлғалардың, делдалдардың, алып-сатуына жол бермеу мақсатында «тегін» деген мөр басылуда.
Айта кетейік, бұған дейін гуманитарлық көмек Қытай, Катар, Өзбекстан елдерінен келіп, аталған тауарлардың қолды болып кетпеуі Жұмысшы топпен бақыланған болатын.
Кез-келген азамат дәрі-дәрмектер мен медициналық бұйымдар бағасының жоғарылауына және жетіспеушілігіне қатысты шағымдары мен ұсыныстарын 8702 000 24 94, 8775 306 78 50 WhatsApp нөмірлеріне фото және бейне материалдармен жолдай алады.