Түркістанда тағы да сенсация

229

 

Қожа Ахмет Ясауи кесенесі аумағынан табылған маңызды тарихи нысандар археологтардың назарын өзіне аударды

Ескі Түркістан қаласының көне шахристанынан XVIII-XIX ғасырларға тән керуен сарай, монша, керамикалық цех, мектеп орындары және Жеті ата қақпасына дейінгі ортағасырлық магистралды көше бойынан хандардың намаз оқитын жеке бөлмесі мен әскери мұнаралар, қонақ қабылдайтын бөлмелер табылды.

Аталған зерттеу нәтижелері тек Қазақстан үшін ғана емес әлемдік тұрғыда археологиялық қызығушылық тудыратын сенсациялық жаңалық болып табылады.

ТӘКИЯ КЕРУЕН САРАЙЫ

Тәкия қақпасының жанынан табылған үлкен Керуен сарайында – құжаттар мен бағалы заттар сақтайтын арнайы қуыстар, қабылдау бөлмесі, ауласы мен қоймалары, керуеншілер тұратын бөлмелері, намазханасы, «мүричә» деп аталатын бір бөлмелі моншасы бар.

МЕКТЕП

Бұл Түркістанда табылған алғашқы мектеп екендігімен ерекше және құнды.
2020 жылы табылған мектеп ауласының екіге бөлінуі бір жағында ұл, екінші жағында қыз балалар оқығанын көрсетеді.
Мұнда сырттан келген балалардың жатып оқуына арналған бөлмелері бар.

КЕРАМИКАЛЫҚ ЦЕХ – Қазақстанда алғаш рет анықталған орындардың бірі.

Үлкен көлемдегі керамикалық бұйымдар шығаратын орынның анықталуы сенсациялық оқиға деуге болады.

Ясауи кесенесі аумағында орналасқан қыш бұйымдарын дайындайтын кең ауқымды кешенде саз илейтін, ыдыс-аяқ жасайтын, кептіретін, күйдіретін, сақтайтын орындардың барлығы қарастырылған.

МҮРИЧӘ МОНШАСЫ

Шахристаннан табылған кішігірім монша құрылысы бірнеше бөлмелерден тұрады. Су резервуары сияқты – сардоба да сақталған. Құрылыстан бөлек қызметкерлер үшін арнайы бөлмелерінің болуымен де ерекшеленеді. Емдік қасиеті бар тұнбалар дайындайтын ванна сияқты ыдыс та сақталған.

Археологиялық қазба жұмыстары ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің бастамасымен «Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейінің даму тұжырымдамасына сәйкес жүзеге асуда.

Күлтөбе қалажұртындағы жобаның демеушісі – ERG компаниясы.

Зерттеу жұмыстарымен Қазақ ғылыми-зерттеу мәдениет институты мен «Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейінің тарихшы, ғалым, археолог мамандары айналысуда.

 

QAINAR KÓZҚР Мәдениет және спорт министрлігі