«Ішкі миграция кесірінен жастар арасындағы төбелес көбейді»

378

Шымкентке 10 жылда жарты миллион тұрғын көшіп келген. Бұл туралы бүгін мәжіліс отырысында айтылды.

Депутаттар сөзінше көші қон соңғы жылдары Қазақстанда күрт көбейген. Кесірінен қолы бос жастар азаймай тұр екен. Осылай деген шенеуніктер олардың бүгінгі ермегі төбелес екенін айтып ашынады.

«Бүгінде Нұр-Сұлтан қаласында жемқорлықтың ескерткішіне айналған құны 2 млрд. ЛРТ жобасын жоспарлауға жеткен Үкімет ақылы неге ауылға керек шағын қолжетімді спорт залдар мен спорт алаңдарын салуға жетпейді».

Осылай деген Мәжіліс депутаты елдегі жасөспірімдер төбелесінің көбейгенін айтып дабыл қағып отыр. Берік Дүйсенбенов оның алдын алу үшін спорт және мәдениет нысандарын көбейту керек дейді. Сонда ғана жастар арасындағы бітпейтін қақтығыс пен кикілжің азаюы мүмкін екен. Жеткіншектер арасындағы даудың толастамау себебінің тағы бірі көші қонның көбейгені.

Берік ДҮЙСЕНБЕНОВ, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты: «Сарапшылар пікірінше ішкі миграция ары қарай өседі деп күтілуде. Енді осы ішкі миграция көптеген әлеуметтік мәселелерді туғызып отыр. Өкінішке орай, бұл мәселелерге ел ішінде резонанс тудырған, қайғылы оқиға болған кезде ғана назар аударылады. Оған Алматы түбіндегі Шаңырақ оқиғасы, жерді жаппай өздігінен басып алу, тұрғызған үйлерді бұзу оқиғасы куә. Екі күннің бірінде топтасқан жастар төбелескені, пышақтасқаны туралы ақпарат елдің әр аймағынан келіп түседі».

Айта кетейік, 10 жыл ішінде Шымкентке жарты миллион тұрғын көшіп келген. Ал, осы жылы үшінші мегаполиске 27 120 азамат қоныс аударыпты. Бұдан бөлек, бүгін өткен Мәжіліс отырысында жол ережесі мәселесі де қозғалды. Депутат Дархан Мыңбайдың сөзінше жол ережелері тармақтарын қайта қарау керек.

Дархан МЫҢБАЙ, ҚР Парламент Мәжілісінің депутаты: «Қолданыстағы жол қозғалыс ережелері тармақтарын қайта қарап, оңтайландыру қажет. Жүргізуші болам деген үміткерге 1000 сұрақ ішінен әр тестте 40 сұрақ бар. Олардың кем дегенде 34 сұрағына дұрыс жауап беру шарт. Өкінішке орай пайдасыз сұрақтар да жоқ емес. Кейбір жол полициясы қызметкерлерінің өздері де дұрыс жауаптарын айта алмайды».

Бұдан бөлек, Мәжіліс отырысында азық-түлік пен мақтаға қатысты заң жобалары қаралды. Және коронавируспен күрес үшін несие алу мәселесі талқыланды. Айта кетейік, ел билігі қатерлі індетпен күрес үшін Азия банкінен 454 млн. еуро несие алмақ.

                                                                                                   Назерке Үкібасова