Түркістан қаласының әкімі Рашид Абатұлы төрт кезең бойынша абаттандыру жұмыстары жүргізіліп жатқан Әзірет Сұлтан тарихи-мәдени қорық музейі аумағындағы жұмыс қарқынын бақылады.
Аумақта 300-ден астам ағаш егілуі жоспарланса, соның тең жартысы қазірде егіліп, күтім жасалуда. Қазіргі ауа-райында 2-3 апта көлемі ағаш егуге қолайлы. Сол себепті, жоба бойынша көгалдандыру жұмыстары талапқа сай жүргізіледі. Ал, 38 гектар аумақты құрайтын Тұңғыш Президент саябағында 3000-ға жуық ағаш, көгал мен гүлдерді егу жұмыстары жүргізіледі.
Рашид Абатұлы «BAZIS-A» компаниясы өкілдеріне рухани-мәдени орталықтағы екі нысанда да жұмысшы саны аз екенін және қарқыны баяу екенін баса айтып, жұмысты ширатуды тапсырды.
Нысан алда қайта тексеріліп, атқарылып жатқан жұмыстарды шаһар басшысы назарға алып, жуық уақытта қайта қадағалайтынын ескертті. Одан өзге, 21 қазақ ханы жайлы құнды ақпараттар берілетін Қазақ хандығы мемориалдық кешеніндегі құрылыс барысы да назарға алынды.