Қала әкімі жеңілдетілген карантиндік талаптардан хабардар етті

88

Бүгін Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов дәстүрге сәйкес, «Инстаграм» желісінде тікелей эфирде тұрғындармен жүздесті.

Еліміздегі эпидемиологиялық ахуал бойынша Шымкент қаласы жасыл аймақ қатарына жатады. Мұрат Дүйсенбекұлы эфир барысында қаладағы эпидемиологиялық ахуал және жеңілдетілген шаралар жөнінде хабардар етті.

Қала әкімінің айтуынша, азық-түлік және азық-түлік емес базарлар, сауда-ойын-сауық орталықтарының жұмысы, кинотеатрлар және қоғамдық көліктердің жұмыс уақыты ұзарды.

Атап айтқанда, азық-түлік және азық-түлік емес базарлар демалыс және мереке күндері сағат 9:00-ден 17:00-ке дейін жұмыс істеуге рұқсат берілді. Сауда-ойын-сауық орталықтары жұмыс күндері 9:00-ден 23:00-ге дейін, демалыс және мереке күндері 9:00-ден 22:00-ге дейін жұмыс істейді. Ал кинотеатрлардың жұмыс уақытын (Бұл ретте келушілердің саны 50 пайыздан аспауы тиіс, бетперделік режим, әлеуметтік қашықтық сақталады) жұмыс күндері, демалыс және мереке күндері де 9:00-ден 23:00-ге дейін ұзартуға шешім қабылданды.

Сондай-ақ, қоғамдық көліктер жұмыс күндері, демалыс және мереке күндері де сағат 07:00-23:00 аралықта жүретін болады. Бұл ретте бетперделік режим қадағаланады. Алайда қалада мерекелік, естелік, ұжымдық корпоратив, банкеттер, той, құдалық, отбасылық іс-шараларды өткізуге тыйым салынады.

– Жалпы қалада кәсіпкерлік нысандардың демалыс және мереке күндердегі жұмыс уақытын ұзарттық. Біз барынша жеңілдетіп жатырмыз. Осы орайда кәсіпкерлерді азаматтық тәртіпті орындауға шақырамын. Баршаңызды алда келе жатқан Тәуелсіздік күнімен құттықтаймын. 29 жылда еліміз үлкен жетістіктерге жетіп отыр, – деді қала әкімі.

Сондай-ақ, М.Әйтенов қоғамдық көліктердегі төлем жүйесі, білім саласындағы өзгерістер бойынша тұрғындар тарапынан қойылған сұрақтарға жауап берді. Жалпы шаһарда ұстаздарды жұмысқа қабылдау бойынша жаңа жоба енгізілген. Алдағы бес жылдықта 85 мектеп салу жоспарлануда.

Тағы бір маңызды жаңалық, қала әкімі 2021 жылдан бастап бұқаралық спортты дамыту мақсатында «Шымкент лигасы» басталатынын айтты. Бүгінде жобаның ережесі дайындалуда.

QAINAR KÓZШымкент қаласы әкімдігінің бапасөз қызметі