Салықтық рақымшылық: Түркістан облысының тұрғындары 1 млрд. теңге  қарыздарын өтеді

102

 

Жалпы, ағымдағы жылдың 4 желтоқсанындағы жағдай бойынша 600 мыңнан астам қазақстандық салық рақымшылығы мүмкіндіктерін қолданды. Олар салықтар бойынша 8,5 млрд теңге қарызды төледі, ал 1 млрд теңгеге жуық өсімпұл есептен шығарылды.

Бұл туралы ҚР ҚМ Мемлекеттік кірістер комитеті хабарлады. Салық рақымшылығын пайдаланған азаматтар саны бойынша көшбасшылар — Қызылорда облысының тұрғындары. 15 791 борышкердің 11 180 жеке тұлғасы (70,8%) 225 млн.теңге көлемінде қарызды өтеген, өсімпұл 40,4 млн.теңге көлемінде есептен шығарылған.

Түркістан облысында 118 839 борышкердің 77 215-сі (65,5%) 995 миллион теңге төлеп, негізгі қарызды төлеу бойынша көшбасшы болды. Өңірде есептен шығарылған өсімпұл мөлшері 87,6 млн теңгені құрады. Негізгі қарызды төлеуде Түркістан облысының тұрғындары көш бастап тұр. Олар 995 млн.теңге төледі, 87,6 млн.теңге өсімпұл есептен шығарылды. Естеріңізге сала кетейік, өсімпұлдарды есептен шығару акциясы басталған кезде 1,5 млн. жеке тұлға бойынша жалпы қарыз 24,6 млрд теңгені құрады, оның ішінде негізгі қарыз сомасы 20,3 млрд теңге, өсімпұл 4,3 млрд. теңге.

МКК жыл соңына дейін салықтар бойынша негізгі қарызды төлеген жағдайда өсімпұлды есептен шығару бойынша рақымшылық қолданылатынын еске салады. Салықтық рақымшылық жүргізу мерзімі — 2020 жылғы 31 желтоқсанға дейін. Өсімпұлды есептен шығару үшін ешқайда барудың қажеті жоқ. Қарыздың негізгі сомасын төлеу жеткілікті.

Өсімпұл автоматты түрде есептен шығарылады. Мемлекеттік кірістер органдарының барлық аумақтық бөлімшелерінде өсімпұлдарды есептен шығару жөніндегі комиссиялар құрылды. Салықтар бойынша берешектің бар/жоқ екендігі туралы мәліметтерді ҚР ҚМ Мемлекеттік кірістер комитетінің сайтында http://kgd.gov.kz/ru/app/culs-taxarrear-search-web сілтемесі бойынша, сондай-ақ eSalyq mobile (AppStore, PlayMarket) мобильді қосымшасы арқылы тексеруге болады.