Жаңа жыл мейрамын жазасын өтеушілер уақытынан бұрын атап өтті

275

Жаңа жыл мейрамын темір тордың арғы шетіндегілер уақытынан бұрын атап өтті. Шымкенттегі 167/4 түзету мекемесінде жазасын өтеп жүргендер өздерін бір сәтке болса да, әртіс сезініп көрді.

Жазасын өтеп жүрген нәзік жандылар аяз ата мен ақшақардан басқа, үнді фильмдеріндегі кейіпкерлерді айнытпай сомдап шықты.

Мұндағылар мерекелік бағдарламаны дайындауға уақыт аз болғанын жасырмайды. Себебі, жазасын өтеушілер түрме қабырғасында жұмыс істейді. Тек үзілістерде ғана сценарий жазылып, дайындалуға мүмкіндіктері болыпты. Солардың бірі – сотталғанына жарты жыл болған мына нәзік жанды Аяз атаның немересін сомдап шықты.

Алайда, мейрам қарсаңында көңіл көтергенімен, темір тордың арғы жағындағылардың көздеріндегі мұң бірден байқалады. Бұл түзету мекемесінде ауыр және аса ауыр қылмыс жасағандар жазасын өтейді. Осындай қоғамдық жұмыстарға қатысқаны үшін әйелдер режимді жеңілдетуге және қамауда ұстау мерзімін қысқартуға үміттене алады.

167/4 түзету мекемесінде жазасын өтеп жүрген нәзік жандылардың көбінің отбасы және бала-шағасы бар. Сондықтан да барлығының бір-ақ арманы бар. Олар тездетіп темір құрсаудан босап, әрбір мереке сайын отбасымен бірге болуды тілейді.

Ғалымжан Кенжебек