Әкім — «мафия» ойнады. Шымкенттегі Әл-Фараби ауданының әкімі Ғабит Мәуленқұлов жастармен бірге танымал «мафия» ойынын ойнады.
Айтуынша, бұл шақыртуға қуана келіскен. Шенеунік студенттік шағының символы болған бұл ойынды сан рет қызықтағанымен, бұл жобаның орны ерекше екеніне сенімді.
Ғабит Мәуленқұлов, Әл-Фараби ауданының әкімі: «Әрине, біз студент кезімізде бұл ойынды көп ойнайтынбыз. Оның үстіне естеріңізде болса қиын-қыстау замандар болды. Біз студент кезімізде жарық көп өшетін. Сол кезде ойнауға қолайлы болатын. Сондықтан көп ойнайтынбыз. Ал соңғы рет осыдан 2 жыл бұрын ойнадым десем өтірік болмас. Жалпы бүгінгі ойынның да негізгі мақсаты осы — жастармен бірлесіп жұмыс жасау. Яғни, болашақ ел жастардың қолында дейміз. Біз жастарға не бере аламыз, біз жастардан не ала аламыз?».
Қоғамдық мәселелер тек ресми кездесулерде ғана емес, еркін басқосуларда да айтылуы тиіс. Ойынды ұйымдастырушылар мұндай кездесулер шенділер үшін жастардың ойын еркін форматта тыңдап, пікірлесуіне жақсы мүмкіндік дейді. Шараның мақсаты да осы. Күйбең тіршіліктен бас алмайтын жандарды жинап, көңілді орта қалыптастыру, ашық пікірлесу. «Алғаш басталған бұл жоба әлі де жалғасын табады»,- деп сендірді ұйымдастырушылар.
Мөлдір Ибадуллаева