21 наурыз күні Абай ауданы аумағында орналасқан «Самал-3» 110/10кВА электр тарату қосалқы станциясында болған ақау салдарынан өрт шыққан.
Апат салдарынан қаланың 21 мың абоненті («Нұртас», «Нұрсәт», «Шымсити», «Нюсити АДЦ», «Солтүстік-Батыс», «Самал-3», «Асар» шағынаудандары, Көкжайлау ТК, Төлеметов көшесіндегі көпқабатты үйлер) жарықсыз қалды.
Өрт орнына төтенже жағдайлар департаментінің 27 қызметкері, «Оңтүстік жарық транзит» ЖШС-нен 15 адам, «Қуат жылу» МКК-дан 22 адам, 14 дана техника шұғыл жұмылдырылды.
Қазіргі таңда өрт толығымен сөндіріліп, электр жарығын қайта қосу жұмыстары жүргізілуде.
Оқиға орнына қала әкімі Мұрат Әйтенов барып, тұрғындарға жарықтың жылдам берілуін қадағалауда.
Шұғыл іс-қимылдың арқасында «Нұртас», «Шымсити», «Нұрсат», ӘІО, «Солтүстік-батыс, Ақжайық шағын аудандарына электр қуаты өзге қосалқы стансадан қайта берілді. Әзірге қосылмай тұрғаны Самал-3, Асар ауданы және Төлеметов көшесіндегі көпқабатты үйлер. Бұл абоненттерді қосу жұмыстары шұғыл жүргізіліп жатыр.
Жарықтың берілуіне тікелей жауапты Энергетика және коммуналдық шаруашылық басқармасы, «Оңтүстік жарық транзит» ЖШС-сі және «Қуат жылу орталығы-3» МКК басшылығы әр екі сағат сайын ақпарат беріп отырады.
Қала тұрғындары кезең-кезеңімен 2 күн ішінде жарықпен толық қамтамасыз етіледі. Ал жарық беру стансасында болған апатты жағдайды қалпына келтіру үшін шамамен 20 күн уақыт кетеді.
Электр қуатын іске қосу жұмыстарына осы кезде 45 адам жұмылдырылған.
Шаһар басшысы тұрғындарға сабырлылық танытып, түсіністікпен қарауға шақырды. Және жауапты сала қызметкерлеріне мерекеге қарамай, тәулік бойы қалпына келтіру жұмыстарын тоқтатпай, жарықтың қосылуын барынша тездетуін тапсырды.