ИЧ 167/9: Түрмедегілер қолдарын кафель сынықтарымен тіліп, наразылық білдірді

350

Түркістан облысы, Төлеби ауданындағы барынша қатаң режимдегі түзеу мекемесінде жазасын өтеушілер денелерін тілгілеп, өз-өздеріне жарақат салды. Бұл оқиға «Ұлттық ұлан» мен прокуратураның түрмеге тексеріс жүргізуге келгенінде орын алған.

Түрме қызметкерлерінің сөзінше, өздеріне қол салған азаматтардан тыйым салынған заттар анықталған. Олар 2 DVD диск, қолдан тігілген жастық, көрпе мен 3 дана пеш. Табылған заттардың барлығын тексеріс тобы алып кетіпті. Осыған қарсылық білдірген 6 адам қасақана денелеріне жарақат салыпты. Олар қолдарын түрме ішіндегі кафель сынықтарымен кескен екен.

Мекеме өкілдерінің сөзінше, қарсылық білдіргендердің бірі адам өлтіргені, басқалары есірткі сақтағаны үшін сотталған. Ал, олардың бұл затты түрмеге қалай кіргізгені белгісіз.

Айта кетейік, қауіпсіздігі аса жоғары бұл түрмеде 485 азамат жазасын өтеуде.

Сәбит СОПИЕВ, Түркістан облысы бойынша ҚАЖ департаментінің ресми өкілі: «ИЧ 167/9 мекемесіндегі қатаң жағдай жасағындағы жазасын өтеп жатқандар мекеме әкімшілігінен алынған тыйым салынған заттарды қайтаруды талап етіп, наразылық білдіру үшін өздеріне қасақана дене жарақаттарын салды. Оларға колония қызметкерлері дереу медициналық көмек көрсетті. Денсаулық жағдайы қанағаттанарлық. Ауруханаға жатқызуды қажет етпейді».

Назерке Үкібасова