Шымкенттік майдангер Вера Утробинаның ерлігі

166

9 Мамыр Жеңіс күніне орай «Отырар» телеарнасы Ұлы Отан соғысына қатысқан ардагерлерімізбен өздеріңізді таныстыруды жалғастырады.

Шымкент қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасының мәліметі бойынша шаһарда 21 Ұлы Отан соғысының ардагері күн кешуде. Бүгінгі кейіпкеріміз 17 жасында майданға аттанған – Утробина Вера Степановна.

Вера Степановна Утробина Ұлы Отан соғысының ардагері. 97 жастағы әжей Жеңістің 76 көктемін отандастарымен бірге қарсы алатынына риза.  Соңғы жылдары денсаулығы сыр беріп, қан қысымы жиі көтерілетіні жайлы бізбен бөліскен майдангер мазасы  қашқанына  қарамастан болған оқиғаларды тізбектеп баяндап берді:
«1941 жылы мектепті енді бітірген едік жаз мезгілі Набережные Челны қаласынан 20 қызды паромға отырғызып, майданға алып кетті. Саратов, Ростов на Дону, Тулада болдық. Мен 1-ші Белорус майданнында шайқастым. Ауыр болды. Барлық ел фашизммен күресті».

Анасының әңгімесін кіші қызы Валентина толықтыруда. Неміс басқыншыларымен шайқаста шаңғышылар тобынан тірі қалған Вера эвакуациялық госпитальде қызметін жалғастырыпты.
Валентина УТРОБИНА, ҰОС ардагерінің қызы: «Анам бізге соғыс жайлы бұрын жиі айтып беретін. Айтуынша қай жерде шайқас, госпиталь орнын ауыстырып тұрған. Менің анам жарақат алған жауынгерлерді таңып, шайқастан алып бірнеше шақырымдағы госпитальге жеткізіп тұрған. Қорқынышқа бой бермей міндетін атқарғанына таң қаламыз. Бұл ерлік. Батырлығына басымызды иеміз».

Соғыстың зардабын ардагер ұмыта қойған жоқ. Ескі жара әлі күнге дейін жадынан өшпегенін және бүгінге дейін көз алдында екенін айтады.

Вера УТРОБИНА, Ұлы Отан соғысының ардагері: «1943 жылы госпитальде құрбым қаза болды. Шайқаста бірге жауға тойтарыс беріп, бір үзім нанды бірге бөліп жеген Анастасияның өлімі жаныма қатты батты. Достығымыздың жалыны әлі де жүрегімде».

Жеңіс күнін Германияда қарсы алған майдангер еліне 1945 жылдың аяғында оралыпты. 1946 жылы соғыста танысқан Темірланның тумасы Ұлы Отан соғысының ардагері Георгий Григорьевичпен отбасын құрыпты. Отағасы соғыстағы жаралары сыр беріп 1986 жылы 76 жасында дүниеден озыпты. 3 баладан 8 шөбере сүйген майдангер әжей былтыр Беларус мемлекеті тағайындаған медальге ие болды.

Кеудешесіндегі «Ерлігі үшін» медальдерін балалары мақтан тұтады. Жеңістің 76 жылдығын шымкенттіктермен бірге биыл 21 майдангер қарсы алуда. Өкінішке қарай, майдангерлердің қатары күн санап сиреп барады…

Шынар Оразова