Түркістан облысында орналасқан «FARAB» кітапханасы шетелдік ғалымдарды таң қалдырды. Облыс әкімі Өмірзақ Шөкеев шетелдік ірі ғалымдар мен археологтармен бірге аталған кітапхана жұмысымен танысып шықты.
Рухани азық орталығында ескі құжаттар мен кітаптарды қайта қалпына келтіруге арналған Орталық Азиядағы жалғыз цех ашылған. Сондай-ақ, білім ордасында робототехника бойынша 2019 жылы өткен әлем чемпионатында 3-ші орынға ие болған команда еңбек етуге кіріскен.
Fab-lab өндіріс зертханасында жарық көрген жаңа дүниелерді таныстырған жастар заманауи ошақтың қыр-сырымен де бөлісті. Ал шетелдік ғалымдарды мұндағы кітап қоры ерекше таңдандырды.
Өмірзақ ШӨКЕЕВ, Түркістан облысының әкімі: «Міне, менің қолымда тұрған бұл кітапты ең құнды деп санаймын. Жалпы біздің кесенелерді ештеңеге салыстыруға болмайды. Мұнда да ол туралы жазылған. Кесенелерді тек Ая Сафиямен ғана салыстыруға келеді».
Орталық шығармашылық пен шабытты ұштастырып, бірегей жобаларды жүзеге асыратын кешен ретінде барша кітапқұмар қауымның сүйікті мекеніне айналмақ. Қазіргі таңда ол үшін барлық жағдай жасалып отыр.
Мөлдір Ибадуллаева