Шымкентте тазалық шараларын қамтамасыз етуге экологиялық полиция жұмылдырылды

604

Шымкент аумағының тазалығы күн тәртібінен түспеген мәселе.

Қалалықтар өздері тұратын аулалары мен көшелерінің тазалығына жауапты екендігін әкімдік мамандарымен бірге экологиялық полиция қызметкерлері де түсіндіруде. Тәртіпке көнбеген ескертуге құлақ аспағандарға 20 айлық есептік көрсеткіш көлемінде, яғни 58 мыңнан астам теңге айыппұл салынады.

Мәлік МҰСАЕВ, Еңбекші аудандық ПБ учаскелік полиция қызметкері: «ҚР Әкімшілік  құқықбұзушылық кодексінің 505-бабы 1-тармағы бойынша сіз кір суыңызды қоғамдық орынға ағызуға, құрылыс заттарын, қоқыстарыңызды көшеге тастай алмайсыз, біз сізге ескерту жасап жатырмыз».

Еңбекші ауданы әкімдігі мен экологиялық полиция, учаскелік полиция өкілдері Нәзір Төреқұлов көшесіндегі тұрғындарды тазалық сақтауға шақыруда. Кір суын қоғамдық орынға ағызған тұрғынға хаттама түзілмек. Алайда ол жеке куәлігін беруден бас тартуда.

«Неліктен маған ескерту жасай береді, балаларым үйде болған соң мүмкіндікті пайдаланып, палас жудым. Теңістің суын ағызған жоқпыз ғой. Қоқысты  осы каналға  түнделетіп барлығы тастап кетеді. Машинамен өтіп бара жатып мусорларын лақтырады» -дейді ескерту алған тұрғын  Қаракөз ҚҰЛЖАБАЕВА.

«Мұндай жағдай жеке секторларға тән»,- дейді осындағы учаскелік полиция қызметкері. «Он күн бұрын осындағы тұрғындарға қаланы аббаттандыру ережелерін түсіндіріп, ескерту жасап кеткенмін»»,- дейді ол.

Мәлік МҰСАЕВ, Еңбекші аудандық ПБ учаскелік полиция қызметкері: «Еңбекші ауданы Нәзір Төреқұлов көшесіндегі  273 үйдің алдында тұрмыз. Осы үйден аққан кір су қоғамдық арыққа ағады. Жеке куәлігін беріңіз, ескерту хаттамасын түземіз десек, есігін жауып, не істесең соны істе деп тұрып алады. ҚР заңдарын сыйламайды. Маған жеке куәлігін бермесе, мен хаттаманы қалай түземін?».

Үйінің алдында, қоғамдық орын есептелетін көшенің бойына құрылыс заттарын, қоқыс қаптарын қоюға рұқсат жоқ. Экологиялық полиция мен аудан әкімдігі тазалық талаптарын сақтамаған тұрғындарды экологиялық департамент арқылы шара көруге мәжбүр.

Александр МАЛАХОВ, Еңбекші ауданы әкімінің орынбасары: «Антисептикті  қоғамдық орынға- көшеге шығару жөнінде бір де бір заңда айтылмаған. Аулаларыңызда болса, кәріз жүйесіне қосылса әңгіме жоқ. Біз сіздерді бірнеше рет ескерттік. Алайда сіздер әлі де кір суды көшедегі арыққа ағызуды тоқтатпапсыздар.  Заңдарды  сыйламасаңыздар, біз экологиялық департтаментке жүгінеміз. Олар мекен-жайларыңыз бойынша хаттама түзіп, ірі мөлшерде айыппұл салады».

Жауаптылар ауласында антисептик орнатып, шайынды суларды кәріз жүйесіне ағызса, ешқандай қиындық туындамас еді дейді. Мобильді топ қаланың тазалығын түсіндіру жұмыстарын Түркістан көшесінде жалғастырды. Мұнда да құрылыс заттарын көшенің бойында жинап қойған фактілер кездесті. Қарсы бетте тұратын Қасымовтар отбасы қаланың тазалығын сақтау әрбір тұрғынның міндеті деп есептейді.

«Қала біздікі. Сүйікті қаламыздың тазалығын сақтау әрбіріміздің парызымыз»,-дейді  Түркістан көшесінің тұрғыны Рахымжан ҚАСЫМОВ.

Өзектілігін жоғалтпаған қала тазалығы мәселесі рейд барысында Майлы қожа көшесіндегі тұрғындарға жіті түсіндірілді. Естеріңізге сала кетейік, 20 мың гектар жер аумағында 303 мыңнан астам халық тұратын Еңбекші ауданында 32 тұрғын алабы бар. Республикалық қала мәртебесіне ие Шымқаланың тұрғындары жауапкершілікті сезінгенше шара жалғасады дейді экологиялық полиция
және әкімдіктегілер.

Шынар Оразова