Шымкентте зейнеткерлерге арналған орталық қызметі оң бағаланды

200

Шымкент қаласында зейнеткерлерге арналған «Асыл жүрек» әлеуметтік – медициналық орталығына тәуелсіз комиссия мүшелері келді. Орталық жұмысымен танысқан олар қызмет сапасының көңілдерінен шыққанын айтады. Енді аталмыш мекемені шаһардың басқа да аудандарынан ашуды ұсынып отыр.

Тәуелсіз комиссия мүшелері Шымкенттегі зейнеткерлерге арналған «Асыл жүрек» әлеуметтік – медициналық орталығымен танысты. Аталған орын егда жастағы адамдарға күндізгі уақытта 4 сағат тегін арнаулы әлеуметтік және медициналық қызметтер көрсетеді. Қазір бір топта 30 адамға дейін 2 ауысымда қызмет көрсетілуде. Карантин талаптарына сәйкес күндізгі стационар негізінде жасақталған орталықта 65 жасқа дейінгі зейнеткерлер қамтылған.

Алмагүл КЕНЖЕТАЕВА,»Рахмет саған, Анашым» мүмкіндігі шектеулі балалардың аналарының қоғамдық бірлестігінің төрайымы: «Тіпті біздің қаламызда осындай мекеме бар екенін осы комиссия құрамында болсақ та біз білмегенбіз. Бұған дейін қандай болғанын білмейміз ғой. Ал, дәл қазіргі біздің көріп отырғанымыз өте бір тамаша әсерлі. Соншалықты біздің қаламызда осындай зейнеткерлерге осындай орталық бар екенін білмеген де екенбіз. Мен ойлаймын зейнеткерлер үшін өте керемет, керекті жағдай екен. Бұндай қаламызда көптеп ашылса».

Әлеуметтік – медициналық орталықта емдік денешынықтырудан бастап йога, би, бильярд, үстел теннисі, тренажерлық жаттығулар да қарастырылған. Күн тәртібіне сәйкес осы жаттығулардың арасында компьютерлік сауаттылық және қазақ, ағылшын тілін үйрету курстары өткізіледі. Қызмет алушылардың кино, сенсорлық бөлме, кітапханада демалуға да мүмкіншіліктері бар. Психолог маманынан кеңес алып, психологиялық тренингтерге қатыса алады. Белсенді өмір сүру ұзақтығын қалыптастыру мақсатында дендросаябаққа, театр және спорт кешені мен бассейнге бару кестесі түзілген.

Ғалия ЖҮСІПОВА, «Ана үйі» қоғамдық қорының бала асырап алу жөніндегі ұлттық агенттігінің өкілі: «Осындағы белгілі бір қызмет алып жатқан адамдармен зейнеткерлермен сөйлесе келе, бәрін кадр шешеді екен деген ойға келесің. Біз мұнда зейнеткерлер спортпен айналыса алатын кіші спортзалда болдық. Кинозалында, кітапханасын көрдік. Онда бағалы кітаптар бар екен. Маған өте қатты ұнады. Біздің зейнеткерлер осындай әлеуметтік орталықтың бар екенін көбірек білсе жақсы болар еді».

Комиссия қала әкімдігінің бастамасымен әлеуметтік саладағы басшылық орындағы бос лауазымдарға үміткерлерді іріктеу мақсатында құрылған. Олар «Асыл жүрек» орталығына осыдан екі ай бұрын тағайындалған директордың қызметі мен зейнеткерлерге көрсетіліп жатқан қызмет сапасына оң бағаларын берді. Сонымен қатар, осы іспеттес орталықтарды қаланың барлық аудандарынан ашуды ұсынды.