Түркістан қаласында бір күнде 7000-нан астам билет сатылды

90

 

Түркістан қаласына келуші қонақтар саны артып келеді. Демалыс күндерде Рухани-мәдени аумақтағы нысандарға, соның ішінде Қожа Ахмет Ясауи кесенесі аумағына кіру билеттерінің сатылым саны артқан. Өткен аптадағы сенбі күнде 7000-нан астам билет сатылып, рекорд орнатылды. Бұған дейін билеттердің күніне сатылу саны 1-2 мыңды құрайтын.

Қалаға келушілердің алдымен аяқ басар орны – Сапар орталығы. Орталық 2020 жылдың қаңтар айынан бастап жұмысын бастап, наурыз айынан бері туристерді қабылдауда. Сапар орталығы қаладағы негізгі көрікті жерлерге, ескерткіштерге, музейлерге, саябақтар мен қонақ үйлерге, ресторан, кафелерге білікті кеңес беретін туристік ақпараттық орталық болып табылады. Сондай-ақ, қала бойынша қонақтар мен тұрғындардың ыңғайлы қозғалысы үшін электрокарларды ұсынады. Орталықта кітапхана, коворкинг аймағы, кәдесыйлар дүкендері, шығыс бағы және кофейнялар бар.

Алдағы уақытта орталықта бірыңғай билеттендіру жүйесін орнату жоспарлануда. Яғни турист бір пластикалық карта арқылы қаладағы тарихи-мәдени және жаңадан ашылған музейлерді, ескерткіштерді сол картаны қолданып тамашалай алады. Қазіргі уақытта Ұлы дала елі орталығы, Сапар орталығы және Керуен сарай кешені келушілерге үздіксіз қызмет етіп келеді.

Жақын күнде Түркістан Музыкалық драма театры, Ғылыми-әмбебап кітапхана, Тұңғыш Президент саябағы сынды нысандар пайдалануға беріледі. Келуші азаматтар санының артуына сәйкес, мобильді топтар тарапынан рейд жұмыстары жанданған. Қала тұрғындары мен қонақтарынан карантин режимінің талаптарын сақтау, арақашықтық сақтап, бетперде тағу сұралады.