Шымкентте жыл басында жалауын көтерген Ұлттық мектеп лигасы өз мәресіне жақындады. Алғашқы жеңімпаздар есімі белгілі бола бастады. Бүгін 5 және 6 сыныптар арасындағы баскетбол ойынының чемпиондары марапатталды.
Қыздар арасында №86 мектеп шәкірттері топ жарса, ұлдар арасында №107 мектеп оқушылары республикалық жарысқа жолдама алды.
Шымкенттегі «Ұлттық мектеп лигасы» қаңтар айында жалауын көтерген еді. Содан бері спорттың 10 түрінен өтіп жатқан жарыс өз мәресіне жақындады. Бүгін алғашқылардың бірі болып жас баскетболшылар марапатталды. Ұлдар және қыздар арасында топ жарған жасөспірімдер енді Талдырқорған қаласында Шымкент намысын қорғайтын болады.
Дара АЙДАРҚҰЛ, жарыс жеңімпазы: «Бұл жарысқа біз бірінші рет емес, көптеген жарыстарға қатысқанбыз. Осы бірінші орынды өз еңбегімізбен алғанбыз. №26 мектеппен ойнау сәл қиындау болды. Оларды ұтып, ең соңғы минутта гол соғып, ұтып кеттік».
Жарысқа барлығы 130 мектептің шәкірттері қатысуға ниет білдірген екен. 40 мың өреннің басын қосқан бәсеке баскетболдан бөлек, тоғызқұмалақ, волейбол, футбол, шахмат пен теннистен өтуде. Ұйымдастырушылар сөзінше, финал 15 мамырға дейін жалғасады.
Дәулет ҚҰТТЫЕВ, Білім басқармасы әдістемелік орталығының дене тәрбиесінің әдіскері: «Алдағы уақытта жеңімпаз атанған мектеп командасын республикалық жарысқа қатыстырамыз. Бұл жарыстың ерекшелігі әр мектептің бір ғана командасы қатысады. Құрама команда қатыспайды. Тек қана 5-6, 7-8, 9-11 сыныптың ұлдары мен қыздары қатысады».
Айта кетейік, бәсеке жыл сайын дәстүрлі түрде жалғасын тауып келеді. Спорттың 10 түрінен өтетін сайыс 15 мамырда аяқталады. Осыдан кейін жас чемпиондар республикалық бәйгеде Шымкент намысын қорғайды. Ол жарыс маусым айында тәмамдалмақ.
Назерке Үкібасова