Жұмыскерлердің 122,8 млн. теңге көлемінде жалақы қарызы төленді

105

Шымкентте жыл басынан бері өндіріс саласында 9 жазатайым оқиға орын алды. Салдарынан 14 адам зардап шегіп, бір адам көз жұмды. Қайғылы оқиғалардың алдын алу үшін өндіріс орындарында бейнебақылау камералары орнатылуда.

Еңбек инспекциясындағылардың мәліметінше, жұмыс берушілер жұмыс барысын және жұмысшылар қауіпсіздігін арнайы бейне бақылау камералары арқылы қадағалап отырады. Шаһарда 16 мыңнан астам кәсіпорын болса, әзірге соның 13-інің ғана өндіріс аумағында құрылғылар орнатылыпты.

Бауыржан ҚАЛЖАНОВ, Шымкент қалалық мемлекеттік еңбек инспекциясы басқармасының басшысы: «Кәсіпорындардың қызмет аясына байланысты өзі ауыр еңбек жағдайлары бар компаниялар бар. Құрылыс саласы ол да тәуекелі жоғары компаниялар. Ол жерде де еңбек қауіпсіздігі шаралары өте үлкен деңгейде сақталуы керек. Жалпы айтқанда оқыс оқиғалар құрылыс саласында бізде жиі кездеседі».

Бұдан өзге сала жауаптылары жұмысшылар құқығын қорғау оңтайландырылады деп сендірді. Енді жалдамалы жұмысшылардың жұмыс уақытының ұзақтығы, еңбегі ауыр жұмыстарда жалақының белгіленген мөлшері мен төленуі бақыланатын болады. Жұмысшылар өз құқықтары аясындағы шағымдары бойынша еңбек инспекциясына жүгіне алады.

Айта кетейік, жыл басынан бері 5 кәсіпорындағы 1428 жұмыскердің жалақылары мерзімінен кешіктіріліп, қарыз көлемі 122,8 млн. теңгені құраған. Бүгінде олардың еңбекақылары толығымен өндіріліпті. Ал «Рахима бегім» балабақшасының 21 қызметкеріне былтырдан қалған 3 млн. 353 мың теңгені құрайтын жалақылары берілді.

Бауыржан ҚАЛЖАНОВ, Шымкент қалалық мемлекеттік еңбек инспекциясы басқармасының басшысы: «Шымкент қаласы әкімінің үкімімен мониторингтік топ құрылып, бізде мәселелердің бәрі зерделенді. Біздің өңірімізде 16 кәсіпорындар мен ұйымдарда 124 млн-ға еңбек қауіптері анықталған болатын. Мониторингтік топтар мен үш жақты комиссиямыздың жұмысының арқасында бұл мәселелер толығымен шешілді».