Шымкент: «NUR OTAN» партиясы саяси кеңесі бюросының отырысы өтті

163

«Nur Otan» партиясының Шымкент қалалық филиалында Саяси кеңес Бюросының кезекті отырысы өтті. Онда партияның «Өзгерістер жолы: әркімге лайықты өмір!» сайлауалды бағдарламасын іске асыру бойынша әзірленген Жол картасының жүзеге асырылу барысы талқыланды. Жол картасы бағдарламасы негізі 10 бағытты қамтыған. Ол баспанамен қамту, әлеуметтік мәселелерді шешу, орта және шағын бизнеске жағдай жасау, шалғайдағы елдімекендерді көркейту, жол, көлік инфрақұрылымын жетілдіру, қоғамдық қауіпсіздік, жастарды қолдау, экологияны жақсартып цифрландыруды қолға алу. 5 жылдық жоспардағы тұрғын үй кезегінде тұрған азаматтарды баспанамен қамту бағытында ауқымды жұмыстар жүргізілуде.
Рахымберді Мүлкеманов, Шымкент қаласының экономика және жоспарлау басқармасының басшысы: «79 көпқабатты үйдің  құрылысына 25 млрд. теңге бөлінді. 4 айда пайдалануға берілген үйлер есебінен 1 мыңнан астам отбасы баспаналы болды».

Білім саласында бес жылда 72 мектептің құрылысы жүргізіліп, 24 мектеп, 3 интернат, 1 колледж, 13 балабақша күрделі жөндеуден өтеді. Нәтижесінде, бес жылда Шымкентте апатты және үш ауысымды оқитын мектептердің мәселесі толық шешімін таппақ. Биыл құрылысы басталған 32 мектептің 20-сын пайдалануға беру көзделуде. Партияның сайлауалды бағдарламасы халықтың әл-ауқатын, тұрмыс – тіршілігін жақсартуға бағытталған тапсырмалар мен қаланың даму бағдарламасы негізінде жасалынып отыр. Мәжілісте «Jas Otan» Жастар қанаты «Жастар – Отанға!» сайлауалды бағдарламасының Жол картасын бекіту мәселелері де қаралды.

Мәжіліс соңында қалалық партия филиалының төрағасы саяси кеңес мүшелеріне бағдарламаны іске асыру бойынша нақты тапсырмаларды жүктеп, Қазақстанның Тұңғыш Президенті – Елбасы, партия көшбасшысы Нұрсұлтан Назарбаев Саяси кеңес бюроларына «Nur Otan» партиясының барлық сайлауалды міндеттемелерінің тікелей және қатаң бақылау жасау міндетін қойғанын айтты.

Шынар Оразова