Түркістандық санитар дәрігерлер коронавирустың болжамды жұқтыру көрсеткіштерін мәлімдеді. Олардың талдауларына сәйкес, науқастардың 38 пайыздан астамы қауіпті індетті науқаспен қарым-қатынас кезінде жұқтырған. Тексерулер барысында инфекцияның болжамды жұқтыру орындары да анықталған. Ең көп жұқтыру көрсеткіші базар, автобус, дүкен және көпшілік орындарда тіркеліпті.

Түркістан облысында соңғы 2 аптада COVID-19 аурушаңдығы 2 есе төмендеген. Бұл туралы облыс әкімі Өмірзақ Шөкеевтің төрғалығымен өткен апталық аппарат отырысында белгілі болды. Сондай-ақ, СЭС мамандары коронавирустың болжамды жұқтыру көрсеткіштерімен бөлісті. Олар 3 мыңға жуық жағдайға талдау жүргізген. Оның мыңнан астамы қауіпті індетті науқас адаммен қарым-қатынас кезінде жұқтырған. Эпидемиологиялық тексерулер барысында инфекцияның болжамды жұқтыру орындары да анықталыпты.

Нұрбек Нышанов, Түркістан облысының бас санитар дәрігері: «Өзіміздің эпидемиологиялық зерттеу бойынша мерекелік жиында, кафеде, отбасылық шараларда 27 пайызы жұқтырып отыр. Ал, мына қоғамдық көліктер, базар, дүкен, көпшілік орындарда 45 пайыз. 49 пайыз мына бетперделік режимді сақтамастан, үй жағдайында жұқтырып отыр».

Өңір вакцина салдыру көрсеткіші бойынша көш бастап тұр. Бүгінгі күнге дейін 293 мыңға жуық адам екпенің 1-компонентін қабылдаған. Алдағы күндері өңірге 185 мың доза «Спутник-V» және 752 мың доза «QazVac» отандық вакцина жеткізу жоспарланып отыр.

Марат Пашимов, Түркістан облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы: «Біз республика бойынша салу бойынша бірінші орында тұрмыз. Келген вакциналар бәрі уақытылы салынуда. Түркістан облысы жасыл аймақта. Дәрі-дәрмек 2 айға жеткілікті, ешқандай проблема жоқ. Вакцинация бойынша, категория медицина қызметкерлері 99 пайыз, мұғалімдер 87 пайыз, полиция қызметкерлеріне 100 пайыз жеткізгенбіз.  Студенттер 11 пайыз, басқалар 24 пайыз. Енді студенттер мен басқалар вакцина салдыруда. Жағдай бірқалыпты, тұрақты деп айтуға болады».

Сонымен қатар, Түркістан облысында пандемия басталғалы 800 мыңға жуық адам ПТР тестін тапсырған. Соңғы 2 апта ішінде ауру немесе байланыста болған үй карантиндік режимін сақтауы тиіс 20-дан астам адамның «Ашық» бағдарламасымен жұмыс істейтін нысандарға барғаны анықталды.

Олжас Айдарбек