Жоғалып кеткен жасөспірім 3 айдан кейін табылды

263

Сайрам аудандық Полиция басқармасына жергілікті тұрғын арызданды. Ол өзінің арызында, кәмелет жасына толмаған 11-сыныпта оқитын ұлы отбасылық кикілжіңнен кейін үйден шығып кетіп, ұшты-күйлі жоқ болғанын хабарлайды. Сол кезден бері ұялы телефоны өшіріліп, хабар-ошарсыз кеткенін жеткізеді. Аталған жайтты тіркеуге алған сайрамдық полицейлер, жедел әрекетке көшті.

Жоғалған жанның жасөспірім екенін ескерген полицейлер, бір минут болса да уақыт кетірместен, оның аман-есен табылуына қажетті шараларды іске асырды. Көрген-білгендерден жауап алып, жасөспірімнің суретін көрсетіп, жақын аймақтағы полицейлерге де бағытнама берді. Жас жігіттің достары мен баруы мүмкін жерлер тыңғылықты тексерілді. Қырағы полицейлердің күні-түні үзіліссіз, толыққанды іздестіруі нәтижесінде, оның жүрген жері 3 айдан кейін анықталып, жасөспірім Шымкент қаласынан жұмыс істеп жүрген жерінен табылды. Осылайша, бастаған істің соңына жеткен полицейлер, 11-сынып оқушысын отбасына дін-аман қайтарды.

Өз кезегінде 3 айдан бері ұлын таппай, уайымға салынып жүрген ата-ана ұлымен аман-есен қауышып, қуанышқа бөленді. Содан жасөспірімнің жақындары полицейлерге шынайы ризашылығын жеткізіп, жұмыстарына табыс тіледі. Әрдайым осылай халықтың қорғаны болыңыздар деп ыстық ықыласын білдірді.

Түркістан облысы полицейлері ата-аналарға өздерінің жасөспірім балаларына қырағы болуды, олардың барар жерлері мен араласатын достарын жақын тануға шақырады. Балалар мен туған-туыстарыңыз жоғалған жағдайда, шұғыл «102» телефоны бойынша полицияның көмегіне жүгіну керек.

QAINAR KÓZТО ПД-ның баспасөз қызметі