Шымкентте реаниматолог-дәрігерге 1 миллион теңге жалақы ұсынылуда

140

Шымкенттің ковид орталығында реаниматолог-дәрігерлерге миллион теңге көлемінде жалақы ұсынылады. Бірақ, жоғары жалақыға қарамастан, жұмысқа тұруға ниет білдірушілер көп емес. Сарапшылардың айтуынша, қызметтегі ауыр еңбек жағдайлары мен тұрақты күйзелістердің болуынан мұндай жалақы көпті ынталандыра бермейді.

«Ковид орталығында жұмыс істейтін реаниматологтар қажет. Жалақысы миллион теңге», – деген хабарламаны Шымкент қаласының бас дәрігері әлеуметтік желі парақшасында жариялады. Белгілі болғандай, мұндай маман иелері қаладағы жеке меншік клиникаларының біріне қажет. Ондағылар бұл сала дәрігерлеріне миллион теңге көлемінде жалақы төлеуге дайын.

Бақытжан Позилов, Шымкент қалалық денсаулық сақтау басқармасының басшысы: «Орынбаев медициналық орталығы реаниматолог дәрігерлерге іздеу салып еді. Олар жеке меншік клиника болғаннан кейін жоғары жалақы бере алады. Сол үшін әлеуметтік желіде хабарлама жарияланған болатын. Негізінде, қаламызда реаниматолог, медбике, санитардың саны жеткілікті. Бізде ковидті емдеу бойынша 19 стационарлық аурухана бар»

Мамандардың айтуынша, мұндай жалақы вируспен күресетін дәрігерлерді бірден табуға кепілдік бола алмай отыр екен. Дәрігерлердің жетіспеушілігі елімізде әрқашан болған. Ал коронавирустың келуімен жағдай мүлдем ушығып кеткен.

Бақытжан Позилов, Шымкент қалалық денсаулық сақтау басқармасының басшысы: «Онда өте ауыр жағдайдағы науқастар жатыр, бұл өте қауіпті. 24 сағат бойы дем ала алмай жатқандар үшін аппарат қосылып тұрады, оларды тәулік сайын ауыстырып отырады. Бұл аппараттың дауысынан тіпті бір-біріңнің дауысыңды естімейсің. Бұл психологиялық тұрғыда өте қиын. Сол үшін бұл мекеменің барлық қызметкерлері жоғары жалақы алады».

Ауыр халдегі науқастармен жұмыс істеу психологиялық қысыммен қоса, коронавирус инфекциясын жұқтырып аламын деген қорқынышты тудыратыны белгілі.

«Дәрігердің қызметі ең адал жұмыс деп есептеймін. Өйткені, олар адамның ағза мүшелерін толыққанды меңгеру үшін өте көп уақытын жұмсайды. Сол үшін дәрігерлер әрқашан жақсы жалақы алу керек деп есептеймін. Қазіргі жағдайды алып қарасақ, олардың жалақысын жоғарылату керек деп санаймын. Өйткені, олар тәуекелге барады», дейді қала тұрғыны.

Айта кетейік, қазіргі таңда Шымкентте жұқпалы аурулар ауруханаларында 385 дәрігер, 400-ге жуық медбике және 200 санитар мен жүргізуші еңбек етуде.