Түркістанда эпидахуал әлі де тұрақты емес

259

Түркістан облысы эпидемиологиялық ахуалды бағалау матрицасы бойынша «сары» аймаққа өтті. Күнгей өңірде соңғы 10 тәулікте кви жұқтырудың 1403 жағдайы тіркелген.

Дегенмен ақ халаттылардың айтуынша, облыстағы жағдай күрделеніп отыр. Бүгінде стационардағы төсек орын толымдығы 55,6 пайызды құраса, жан сақтау бөліміндегі 320 төсек орынның 82-і бос емес.

Түркістан облысы «сары» аймаққа өтті. Бүгінде күнгей өңірдің 2 ауданы қызыл, алтауы сары, қалғаны «жасыл» белдеуде. Облыстағы эпидахуал әлі де күрделі.

Себебі карантин талаптарын бұзып, той-томалақ жасаушылардың саны азаймай тұр дейді сала жауаптылары. Мысалы, жыл басынан бері 689 той анықталып, оның 49-ы бойынша іс сотқа өтіпті. Ал 32 тойхана уақытша жабылған.

Асқар Ысқақов, Түркістан облыстық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары:
«Ауруханаға түскендердің басым бөлігі вакцина алмаған адамдар және қоғамдық орындарға көптеп барып жүрген адамдар екені анықталып отыр. Бүгінгі таңда жалпы облыс бойынша мобильді топ пен полиция қызметкерлері тарапынан 4825 баянат түсіп, оның 3748-іне хаттама толтырылып, 217 млн. теңге айыппұл салынды. Жалпы карантин ережелерін бұзған ең көп ішінде тыйым салынған отбасылық мерекелік іс-шаралар болып отыр».

Қазіргі таңда өңірдегі стационарларда төсек орын толымдығы 55,6 пайызды құрап отыр. 3600 орынның, 2005-інде пациенттер ем қабылдап жатыр. Ал 82 адам жансақтау бөлімінде өмірмен арпалысуда.

Асқар Ысқақов, Түркістан облыстық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары:
«Жыл басынан бері коронавирусты жұқтырудың жеті мыңнан астам жағдайы тіркелді, 4 мыңнан астам адам пневмониямен ауырды. 4 аудан және аймақтың бір қаласы, қызыл аймақта, қалғандары сары аймақта. Соңғы екі аптада жұқтырғандар саны 1,5 пайызға артты».

Айта кетейік, Түркістан облысы бойынша қауіпті індетке қарсы вакцинаның I компонентін 628 523, II компонентін 457 720 адам салдырған. Ақ халаттылардың мәліметіне сүйенетін болсақ, ауруханада ем қабылдап жатқан 2005 науқастың 154-і вирусқа қарсы вакцинаның бірінші компонентін салдырған екен. Ал екпенің екіншісін тек 12 адам ғана қабылдаған. Сондықтан да мамандар халықты жаппай вакцина қабылдауға шақырды.

Райымбек Тасырбаев,  Түркістан қалалық емханасының бас дәрігері: «Облыс тұрғындарын вакцина қабылдауға шақырамыз. Әрине, вакцина салғаннан кейін ауырмайды дегеннен біз аулақпыз. Бірақ, ауырған жағдайдың өзінде жеңіл түрде болмаса симптомсыз түрде өтеді. Оған біз кепіл бола аламыз. Вакцина салдырғаннан кейін болуы мүмкін кері әсерлері болмаса кері жағдайлар қазіргі таңда Түркістан облысында тіркелген жоқ. Сондықтан біз вакцинаның қауіпсіздігіне қадағалау жасап жатырмыз».

Облыста қазіргі таңда 8 оттегі станциясы, 400 өкпені жасанды желдету аппараты және мыңнан астам оттегі аппараты бар. Сондай-ақ, дәрі – дәрмек қоры екі айға жеткілікті дейді дәрігерлер. Бүгінде облыс аумағында 40-тан астам дәріханалық қойма мен 800-ге жуық дәріхана бар.

                                     Мөлдір Ибадуллаева