Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдық мерекесіне орай Түркістан облысы, Төлеби ауданында «Төлеби – Ұлы дала мекенім» атты суретшілер пленэрі мен «Бір өлке – бір сурет» атты жас суретшілер симпозиумы өтті.
Алты күнге созылған іс-шараға көршілес елдерден және Алматы, Нұр-Сұлтан, қалаларынан халықаралық дәрежедегі суретшілер қатысты. Ұрпақтар сабақтастығын жаңғырту, егеменді еліміздің болашағы – жас ұрпақты ұлттық дүниетаным негізінде тәрбиелеу, жас суретшілерге қолдау көрсету, олардың шығармашылығын шыңдау мақсатындағы облыстық «Бір өлке – бір сурет!» атты жас суретшілер симпозиумы да жастарға ерекше шабыт сыйлады.
Симпозиумның қорытындысы ретінде Төлеби аудандық мәдениет үйі алдында жас суретшілердің өнер туындылары мен қылқалам шеберлерінің жаңа шығармалары қойылған көрме ұйымдастырылды. Суретші, мәдениет қайраткері, гобеленші Құттыбек Тыныбекұлының шығармаларынан да көрме өткізілді.
Түркістан облыстық мәдениет басқармасы басшысының орынбасары Асылхан Темірханұлы бұл іс-шараның суретшілер қауымына серпін бергенін атап өтті.
Төлеби ауданының әкімі Төлеген Телғараев пленэрдің суретшілер үшін ғана емес, жалпы тұрғындар үшін маңызды екенін жеткізді.
«Сурет өнерінің қыр-сырын меңгерген мамандар Төлеби жерінде бас қосып, өзара пікір алмасып, шабытына шабыт қосты. Жанры және стилі әр қилы суретшілердің басқосуының Төлеби төрінде өтіп жатқаны біз үшін ерекше қуаныш әрі мақтаныш. Алты күнге созылған «Бір өлке – бір сурет!» атты облыстық жас суретшілер симпозиумы жас суретшілер үшін пікір алмасу алаңы ғана емес, тәжірибелі мамандардан үйрену, олардың ағалық ақыл кеңестеріне көңіл бөлу кезеңі болды. «Суретшілер үйінің» алғаш болып, ауданымызда бой көтеруі жалынды жастардың талантын ашары анық. Біздің қуанышымызбен бөлісіп, аудан жастарына берген ағалық ақыл мен кеңестеріңізге алғыс айтамын. Қаламдарыңыз ешқашан мұқалмасын, отбасыларыңызға бақ-береке, ырыс пен ынтымақ, шығармашылық табыс тілеймін», – деді аудан әкімі.
Пленэрге қатысқандарға аудан әкімі мен аудандық мәслихаттың алғыс хаты мен Құрмет грамоталары, бағалы сыйлықтары табыс етілді. Сондай-ақ симпозиумға қатысқан 16 жас суретшіге 50 мың теңге көлемінде қаржылай қолдау көрсетіліп, сертификаттар ұсынылды. Жиын аудандық мәдениет үйі өнерпаздарының мерекелік концертіне ұласты.