Түркістан: Өзбекстандық делегация облыс шаруаларымен кездесті

86

Түркістан облысына Өзбекстан Республикасының Төтенше жағдайлар министрі Тұрсынхан Құдайбергенов пен Су шаруашылығы министрі Шавкат Хамраев бастаған арнайы делегация келді. Олар мақталы аудандардың шаруаларымен кездесіп, жұмыс барысымен танысты. Делегация өкілдерін өңір басшысы Өмірзақ Шөкеев облыс тыныс-тіршілігімен таныстырды.

Түркістан облысына арнайы делегация келді. Өзбекстан Республикасының Төтенше жағдайлар министрі Тұрсынхан Құдайбергенов пен Су шаруашылығы министрі Шавкат Хамраев бастап келген топты, облыс басшысы Өмірзақ Естайұлы шаруалардың бүгінгі тыныс-тіршілігмен таныстырды.

Айта кетейік, өткен жылдан бері Түркістан облысының шаруалары егістікке қажетті ағын суды кедергісіз ала бастаған болатын. Сонымен қатар былтыр өзбекстандық техниканың көмегімен мақтааралдықтар мақта дәнін қайта сеуіп шыққан еді.

Дәулетбай Жорымбетов, «Бағдат» шаруа қожалығының төрағасы: «Биыл қуаңшылыққа байланысты бізге Өзбекстанмен келісілген су мәселесі артығымен жетіп отыр. Трансшекаралық су мәселесі оңтайлы жолға қойылды. Осының арқасында шаруалар осы уақытқа дейін болмаған өнім алып отыр».

Биыл мақта бітік шыққан. Соның нәтижесінде шаруалар мақта терімінен рекордтық көрсеткішке қол жеткізіп отыр. Сәйкесінше баға да көтерілген.

Берік Шампиев, шаруа: «Қазір 1 тонна мақта 300-320 теңге болып жатыр. Жақсы биылға, диқандар өте қуанышты. Мақтаның бағасы жоғары, бәрі жақсы болып жатыр. Мемлекет тарапанан көп нәрсеге жәрдем болды биыл. Көп жәрдем алдық».

Бүгінгі таңда мақта-терім жұмыстары қарқынды түрде басталып кеткен. Мамандардың айтуынша, облыста 110 мың гектар аумаққа мақта егіліп, жалпы 280 мың тонна шиітті мақта жинау жоспарлануда. Былтыр баға тоннасына 150 мың теңге болса, биыл 300 мың теңгені құрап отыр дейді облыстық Ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы.

Нұрбек Бадырақов, Түркістан Облыстық Ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы: «Облыстағы мал азық дақылдарының қажеттілігіне 3 млн. 900 мың тонна өнім 105 пайызға артығымен жиналды. Одан бөлек 230 мың гектар алқапқа егілген дәнді дақылдар толығымен жиналып, 10 центнерден жалпы 240 мың тонна дән қамбаға құйылды».

Сондай-ақ, өңір басшысы Өмірзақ Шөкеев делегация өкілдерін Жетісай қаласындағы «Қыдыр ата» жекеменшік емханасы мен Мырзакент мөлтекауданында салынған мектеп құрылысымен таныстырды. Аталған медициналық мекеме дәрігерлері ташкенттік әріптестерімен тәжірибе алмасып, 120 емделушіге дейін ем қабылдай алады.

Гүлдана Дәурен