Енді мобильді аударымдар үшін салық төлеу қажет

251

ҚР Парламенті сенатының депутаттары «мобильді төлемдер» түсінігін енгізетін заңды қабылдады, яғни кәсіпкерлер енді мобильді аударымдар үшін салық төлейтін болады. Жеке кәсіп иелеріне арналған салықтың мөлшері арта ма? Жалпы мұндай заңның қабылдануына не түрткі болды?

 

Қазақстанда мобильді аударым үшін енді салық төленеді. Сенат депуттаттары мақұлдаған бұл заң жобасына ел президенті қол қойса, кәсіпкерлер мобильді аударымдар үшін жеке шот ашуы керек болады. Алайда заң әзірлеген мамандар салық мөлшері өспейтінін жеткізді. Олар тек өзі көрсеткен табысының ғана құнын төлейді екен. Ал оны жасырын ұстау үшін мобильді аударымның септігі тиіп жатқан көрінеді.

Марат Сұлтанғазиев, ҚР Қаржы вице-министрі: «Кәсіпкерлерге арналған салық мөлшерлемесі өзгермейді. Тек олар өз табысын ашық көрсетуі керек. Яғни, сатып алушыларға чек беруге міндетті. Барлығы заң жүзінде іске асырылуы керек. Уақытынан кешіктірмей тіркеуге алғаны үшін бізде әкімшілік айыппұлдар бар, ол бухгалтерияда айналымды көрсетпегені, яғни чек салмағаны үшін әкімшілік жауапкершілік».

Заң әзірлегендердің айтуынша, пандемия кезінде халықтың басым бөлігі мобильді аударымдар арқылы есеп айырысқан. Ал кәсіпкерлер одан түскен табыстан салық төлемеген. Мұндай жасырын табыстың салдарынан көлеңкелі бизнес артуы мүмкін. Сондықтан мұны дер кезінде заңдастыру қажет дейді халық қалаулылары.

Марат Сұлтанғазиев, ҚР қаржы вице-министрі: «Біз тәуекелдерді басқару жүйесін әзірлейтін боламыз. Мысалы, жеке тұлға күніне бірнеше рет басқа адамнан ақша алады. Бұл бірнеше күн, бірнеше ай бойы жалғасуы мүмкін. Бұл салық органдарының осы жеке тұлғамен жұмысты жалғастыруға назар аударуы қажет екендігінің бір белгісі болмақ. Ондай кезде мамандар әлгі адамның немен айналысатынын жіті тексереді. Тіпті банктерден қажет ақпаратты да алады».

Сондай-ақ, келесі жылы байлыққа, тұлғалардың атындағы мүлікке де салық салынуы ықтимал. Бұл мәселені көтерген сенат депутаты Мұрат Бақтиярұлының айтуынша сән-салтанат салығы әлемнің бірнеше елдерінде енгізілген.

Мұрат Бақтиярұлы, ҚР Парламенті Сенатының депутаты: «Бұл жерде қымбат элиталы жылжымайтын мүліктер, ұшақтар, яхталар, қымбат автокөліктер, зергерлік бұйымдар сияқты сән-салтанатқа салық енгізу елде салық салудың әділетті жүйесін қалыптастырады деп ойлаймын».

Сенатордың ұсынысына қаржы вице-министрі Марат Сұлтанғазиев жауап берді. Ол бұл салық түрі қарастырылып жатқанын, келесі жылы үкімет жобасымен енгізілетінін атап өтті.

Мөлдір Ибадуллаева