Биыл Шымкентте Наурыз мейрамы қайда және қалай тойланады?

331

Шымкенттіктер биылғы 22 наурызда Ұлыстың Ұлы күні – Наурыз мейрамын түрлі орында қарсы алады. Қала әкімдігінің хабарлауынша, биылғы Наурыз мейрамы қаладағы ең танымал 9 орында тойланады. Іс-шаралар сағат 10:00-де басталады.
Осы 9 орын мен сол жерде болатын іс-шаралар тізімін ұсынамыз

«Шымқала»

Мұнда кілемдер көрмесі, шайхана, сүт өнімдері мен тәттілердің сан түрі қойылады. Қазақ дәстүрлі музыкасының хас майталмандары, эстрада жұлдыздары – Айгүл Иманбаева, «Хазар» ұлттық-фольклорлық тобы т.б әртістер өнер көрсетеді.

Орталық саябақ

Шымкенттегі ең көне саябақта эстрада жұлдыздары, Әзіл-оспақ театры өнер көрсетіп, келушілер Наурыз көжеден дәм татады. Интерактиа бағдарлама болады.

Арбат

Мұнда мерекелік жәрмеңке ұйымдастырылады. Сан түрлі сувенирлер сатылып, дәстүрлі қазақ асханасы мен фотоға түсу алаңы жұмыс істейді.

Әл-Фараби алаңы

Негізгі іс-шаралар осында өтеді. Маржан Арапбаева, Тұрар Рахимберлин, Ақерке Тәжібаева сынды отандық эстрада жұлдыздары жаңа әндерін орындап, халық музыкасы мен этно-фольклорлық туындылардың төлтума интерпретациясы салтанат құрмақ. Наурыз көжеден дәм тату, тосынсыйлар күтеді.

Дендросаябақ

Талантты жастардың қатысуымен байқаулар өтеді, музыкалық құттықтаулар болады. Интерактив эко-бағдарлама да бар.

Шымкент циркі алаңы

Бұқаралық алаңда қонақтарды цирк әртістерінің қатысуымен мазмұнды музыкалық бағдарлама, сәйгүлікпен серуендеу және интерактивті көңіл көтеру бағдарламасы күтеді.

Металлургтер саябағы

Бұл отбасылық алаң. Ішкі үйлесім, дос-жаран, отбасы мен жақындардың арасында жарқын уақыт өткізуге, сондай- ақ жайлылық пен жанға жайлы әңгіме айтуды сүйетіндер үшін таптырмас орын.

Қажымұқан атындағы Орталық стадион

Көктем – тек табиғаттың жаңару кезеңі ғана емес, сонымен қатар белсенді өмір салтына қайта оралу кезі. Стадион маңында спорт жарыстары, дәстүрлі спорт түрлері бойынша турнирлер, ерекше жарыстар ұйымдастырылады.

Жеңіс саябағы

Шаһардың ең кішкентай тұрғындары мен қала қонақтарына арналған алаң.