Парламент киберқорлау және әлеуметтік желіні бұғаттау туралы заңды қабылдады

138

Қазақстан Республикасының Парламенті елді елең еткізген кибербуллинг туралы заң жобасын қабылдады. Құжат президенттің қол қоюына жіберілді. Еске салайық, парламент сенаты мәжіліс мақұлдаған заң жобасына өзгеріс енгізген еді.

Мәжіліс Сенаттан қайтқан заң жобасын мақұлдады. Нақтырақ айтсақ, «Баланың құқықтарын қорғау, білім беру, ақпарат және ақпараттандыру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңының жобасын қайта қарап, жоғары палата енгізген резонансты нормаларды алып тастауды мақұлдады. Бұған дейін Сенат аталған заң жобасына өзгерістер мен толықтырулар енгізіп, Мәжіліске қайтарған еді.

Ләззат Сүлеймен, ҚР Парламенті сенатының депутаты: «Сенаторлар уәкілетті органға өзінің дербес ұйғарымымен әлеуметтік желілерді, интернет-ресурстарды, мессенджерлерді шектеу немесе тоқтату туралы құқығымен келіспеді, бұл норма бірден алынып тасталды. Сонымен қатар сенаторлар Қазақстанның тек қана кибербуллингке қатысты емес, барлық заңнама аясын бұзатын контентті 24 сағаттың ішінде шет мемлекеттердегі онлайн-платформалардың өкілдерінен алып тастау туралы ұсынысты да қолдамады».

Депутат Жәмилә Нұрманбетова Парламент мәжілісінің кезекті отырысында заң жобасын таныстырды. Ол тиімді құқықтық базаны қалыптастыру және бала құқықтарын қорғау саласындағы заңнаманы жетілдіру мақсатында заң жобасын әзірлегенін айтты.

Жәмилә Нұрманбетова, ҚР Парламенті мәжілісінің депутаты: «Тұтастай алғанда Сенат ұсынған өзгерістер мен толықтырулар мәжіліс мақұлдаған заң жобасын тұжырымдамасы мен мазмұнын өзгертпейді. ҚР Конституциясы 61-бабының 5-тармағына сәйкес әлеуметтік-мәдени даму комитеті Парламент Сенаты енгізген өзгерістер мен толықтырулармен келісуді ұсынады».

Ал төменгі палата басшысы аталған заң жобасын дайындаған депутаттарға алғысын білдірді.

Ерлан Қошанов, ҚР Парламенті мәжілісінің төрағасы: «Мен депутаттарымызға, осы норманың авторлары Айдос Сарым мен Динара Закиеваға алғысымды білдіргім келеді. Олар бұл заң жобасында өте үлкен жұмыс атқарды. Үлкен пікірталас болды, олар принципиалды түрде өз ұстанымын қорғады».

Еске салайық, мәжіліс депутаттары Айдос Сарым мен Динара Закиева шетелдік әлеуметтік желі мен мессенджерлер жұмысын шектеу бойынша нормалар енгізген еді. Ал 2-сәуірде Нұрсұлтан қаласында осы түзетулерге қарсы санкцияланған митинг өтті. Енді Парламенттің қос палатасы мақұлдаған заң жобасына президент қол қоюы тиіс.

Гүлдана Дәурен