Шымкент: Тұтынушыларға жылу үшін 27,7 млн. теңге көлемінде қаржы қайтарылады

72

Шымкент қаласы тұтынушыларына жылу үшін 27,7 млн. теңге көлемінде қайтарылады. Бұл туралы ҚР ҰЭМ  табиғи монополияларды реттеу Комитетінің  Шымкент  қаласы  бойынша департаментінің басшысы Дархан Қайынбердиев баяндап берді.

Белгілі болғандай, табиғи монополиялар туралы заңнамаға сәйкес, жылумен жабдықтау саласындағы табиғи монополия субъектісі сырттағы ауаның нақты температурасын ескере отырып, жылу энергиясымен жабдықтау бойынша реттеліп көрсетілетін қызметтің құнын тұтынушыларға тікелей, не тұтынушының тұрған жерін анықтау мүмкін болмаған жағдайда жылу энергиясымен жабдықтау бойынша реттеліп көрсетілетін қызметке ақы төлеу кезінде тарифті төмендету арқылы қайта есептеуді жүргізу міндеттілігі қарастырылған.

ҚР Ұлттық экономика министрлігі Табиғи монополияларды реттеу комитетінің Шымкент қаласы бойынша департаменті «Қуатжылуорталык-3» МКК-мен 2021-2022 жж. жылыту кезеңінің қорытындысы бойынша сырттағы ауаның нақты температурасын ескере отырып, орталықтандырылған жылумен жабдықтау қызметтерін тұтынатын және жылуды есепке алу құралдары жоқ тұтынушылар үшін жылумен жабдықтау қызметінің құнын қайта есептеу бойынша жұмыстар жүргізді.

Атқарылған жұмыстар қорытындысы бойынша 2021-2022 жж. жылыту кезеңі үшін 2544,6 мың м2 орташа жылыту ауданын ескергенде халыққа қайтарылатын қаражат сомасы 27 698 245 теңгені құрады.

Қайта есептеу Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрінің бұйрығымен бекітілген Сыртқы ауаның нақты температурасын ескере отырып, жылумен жабдықтау бойынша көрсетілетін қызметтердің құнын қайта есептеу және қайта есептеу нәтижелері бойынша тұтынушыларға қаражатты қайтару қағидаларына сәйкес жүргізіледі.

Қайта есептеу негізіне 1 шаршы метр ауданды жылытуға қажетті жылу энергиясы көлемінің сырттағы ауа температурасына тәуелділігі алынды. Температураның ауытқуы жоғары және жылы болған сайын қайта есептеу сомасы жоғары болады. Қыс жылы болған жағдайда жылу шығыны есептегіден аз болғандықтан, тұтынушыларға ақша қайтарылады.

Егер Шымкент қаласы бойынша орташа айлық температурасының есептік параметрлері 1,99 градус құраса, онда гидрометеорологиялық Орталықтың мәліметі бойынша сырттағы ауаның нақты температурасы 4,6 градус С құрады, жылыту маусымында пәтердің 1 шаршы метр ауданын жылытуға жылу энергиясының нормасы 0,094 Гкал болғанда нақты үлестік шығыны 0,08527 Гкал құрады.

Шымкент қаласында жылыту маусымы қала Әкімдігінің өкіміне сәйкес 2021 жылдың 15 қазанынан басталып 2022 жылдың 31 наурызында аяқталды.

Осылайша, 2021-2022 жж. жылыту маусымына отындық құрауыштары бойынша сырттағы ауаның нақты температурасын есепке ала отырып, жылытылатын 1 шаршы метр ауданға қайта есептеу (қайтарылатын) құн мөлшері ҚҚС-н есепке алмағанда 10,90 тг/м2 құрайды.

Мысалы, сырттағы ауаның нақты температурасын есепке алғанда ауданы 52,7 м2 болатын пәтерге жылыту бойынша қайта есептеу (қаражатты қайтару) 574,43 теңгені (52,7 шаршы м*10,90) құрайды.

Аталған төлем келесі 2022-2023 жылдарға жылыту үшін есептеу барысында есепке алу құралдары жоқ тұтынушыларда тұтынушының тұрғын ауданына байланысты «қайта есептеу» сөзімен бірыңғай төлем құжатында көрсетілетін болады.

Шынар Оразова