Жетісайлық шаруалар шығынға батты

119

Түркістан облысындағы шаруалар шығынға баттық деп шырылдап отыр. Жетісай ауданында жауған бұршақ аралас жаңбыр егіс алқабын талқандап кеткен. Табиғаттың тосын құбылысынан пісіп дайын тұрған қауын-қарбыз бен мақта егілген алқаптар жарамсыз күйге түсті. Екі ауылда мың гектарға жуық жер бүлініп, диқандар миллиондаған шығынға батты. Ал жергілікті билік, табиғи апаттан келген шығын өтелмейді деп отыр.

Байдала ауылының тұрғыны Бердияр Еділбаев көктемнен бергі еткен еңбегім еш кетті деп ашынады. Оның он гектар жерге еккен жүзім мен мақта, жүгерісін түгелімен бұршақ жайпап кеткен. Шаш етектен шығынға батқан дихан, бір жылдық напақасынан айырылып қалғанына қынжылып отыр.

Бердияр Еділбаев, шаруа: «Бір мәрте бұзылып еккен мақта еді бұл жер, шығыны бір миллион бір жүз мың теңгеге барып қалды бұл жер. Төрт гектардың өзі, айдатуың бар. Солярка қымбаттады деді. Ал, жүзімді өздеріңіз көріп тұрсыздар, Үш миллионға барып қалған ол шығын. Ол жүзім өнім бермейді биыл, бітті.

Жаздың күні табиғат тосын мінез танытып Қызылқұм мен Ділдәбеков ауылдық округтеріндегі мың гектарға жуық алқап зардап шекті. Қазіргі таңда шаруалардың шығыны миллионнан асып жығылады. Ал күзде мол табысқа кенелеміз деп несие алып, қарызданып-қауғаланып егін еккен дихандар, енді қайда барып, кімнен көмек сұрарын білмей дал болып отыр.

Абдулла Мейірбеков, шаруа: «Қарызданып, қауғаланып, қанша қарыз ақша алдық зауыттардан осыған. Мына өнімнен береміз ертең, дарбыз сатқаннан кейін береміз деп. Мақтамызды сатқаннан кейін береміз деп. Енді білмеймін осы шығынымызды қалай өтейтінімізді. Қалай ақша тауып беретінімізді. Әкімшіліктен барып айттық, жаңағы шаруашылық бөліміне, әкімшілікке. Біз ешқандай жәрдем бере алмаймыз, табиғи апат дейді».

Низамхан Болатұлы, шаруа: «Қазір қарбыздың өзіне алты миллион кетіп отыр. Арғы жағында қауыным бар. Оған да шығын аз емес. Осы қарбызды мен келісіп қойған ем адамдармен он күнде үземін деп. Барлығы кетті, жарамсыз. Не істеймін енді, қайда барамын».

Бар еңбегі желге ұшқан шаруалар жергілікті әкімдік пен сала мамандарына жүгінген. Алайда нәтиже шықпапты. Шенеуніктер егіс алқабындағы дақылдар сақтандырылмаса, шығынның ешқайсысы өтелмейтінін айтқан. Ал, сақтандыру компаниялары ауыл шаруашылығы өнімдеріне субсидия беру тоқтағалы мұнда бас сұқпапты.

Марат Әбуов, Жетісай аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы: «Мұндай жағдайда мемлекет тарапынан оларға шығындарын төлеу мәселесі қарастырылмаған. Шаруалар өздерінің күштерімен агротехникалық шараларды жүргізу, минералды тыңайтқыштарды беру сияқты күшейтілген жұмыстарды жүргізудің арқасында қалған өнімдерді алып қалу сияқты жұмыстарды жүргізуі керек».

Өңірлік төтенше жағдайлар бөлімі де көмек беруден бас тартқан. Бар жиған тергенін егіске салып қойған олар қайта жерді өңдеп, егін егуге қаражатты қайдан аларын білмей дал. Ендігі бар үміті үкіметте. Шарасыздықтан шарқ ұрған жандар жан айқайымызды естіп, көмек қолын созып қалар деп үміттеніп отыр.

Әсел Мәлік