Шымкент: Бес білім беру нысаны күрделі жөндеуден өтіп жатыр

43

Шымкентте ұзақ жылдан бері күрделі жөндеуді қажет етіп келген білім ордалары ретке келтірілмек. Бүгінде қаладағы білім беретін бес бірдей кешеннің құрылыс жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Бұған жергілікті бюджеттен 2,5 миллиард теңге бөлінген.

Биыл Шымкентте білім беру нысандары ауқымды жөндеуден өткізіліп жатыр. Жоспарға сай бес бірдей жаңа оқу орны жаңартылмақ. Әрбір кешендегі құрылыс жұмыстары жіті қадағаланып, қарқынды түрде іске асырылуда. Тек бір мектептің күрделі жөндеу жұмыстары уақытында аяқталмаған. Қала әкімінің орынбасары Шыңғыс Мұқан аталған нысандағы жұмыстың барысын көріп, мердігерге ескерту жасады.

Мердігер компания «биыл бұл мектепте де алғашқы қоңырау соғылады», деп отыр. Егер олар белгіленген мерзімге дейін құрылыс жұмыстарын аяқтай алмаса, балалар жаңа оқу жылында көрші ғимаратта білім алмақ. Мамандардың сөзінше, аталған ғимараттағы құрылыс жұмыстарының кешеуілдеуіне 30 жылдан астам уақыт күрделі жөндеуден өтпеуі себепші көрінеді. Құрылысшылар, «енді бұл ғимарат расында жаңа нысан болады», дейді. Яғни, ғимараттың шатырынан бастап терезелеріне дейін ауыстырылады. Жалпы, 50 мектептің жөндеу жұмыстарына қазынадан 710 миллион теңге бөлінген.

Шыңғыс Мұқан, Шымкент қаласы әкімінің бірінші орынбасары: «152 мектептің қазір бірқатарына күрделі жөндеу жұмыстары жүріп жатыр. Қазір №11 мектепте тұрмыз. Жаңа №52 мектепке барып едік. Ол мектептің құрылысы өкінішке орай кешеуілдеп жатыр. Ол жөнінде мердігер компаниямен жұмыс жүргіземіз».

Құрылыс кешендерін әкім орынбасарымен қоса, қаланың бас ұстазы Жанат Тәжиева да аралап шықты. Ол жөндеу жұмыстарын жылдам аяқтаудан бұрын, құрылыс сапасына басты назар аудару қажет екенін жеткізді.

Жанат Тәжиева, Шымкент қалалық білім басқармасының басшысы: «Мамыр айында бастаған болатын. Өздерінің аяқтау мерзімі қазан айы болып белгіленген. Әрине мердігерлер бірінші қыркүйекке дейін аяқтауды мәлімдеп отыр, дегенмен оған қарамастан бірінші қыркүйекке дейін аяқталмаған жағдайда оқушыларды оқытатын уақытша ғимараттар білім басқармасының тарапынан дайындалатын болады. Негізгі мақсат қалайда жаңа оқу жылына мектепті дайындап бер деген талап емес, негізгі талап, сапалы түрде осы күрделі жөндеуді жүргізіп қолайлы орта қалыптастыру болып табылады».

Мамандар өзге нысандардағы жұмыс барысын да бақылады. Жаңа жылыту құбырлары, қаптау, электр желілерін ауыстыру – №11 мектепте жоспарланған жұмыстың бір бөлігі ғана. Мұнда материалдық-техникалық база да жаңартылмақ. Мердігер, 30 жылдан бері күрделі жөндеуден өтпеген ғимараттың құрылыс жұмыстарын уақытында аяқтаймыз деп уәде беріп отыр. Яғни, мектеп есігі 20 тамызда ашылады.

Шыңғыс Мұқан, Шымкент қаласы әкімінің бірінші орынбасары: «Мына мектеп қазір тамыздың 20- на дейін аяқталуы тиіс. Аяқталатынын көріп отырмыз. 11-ші мектеп. Өте үлкен мектеп. Отыз жыл бойы жөндеу көрмеген екен осы».

Қаладағы білім ордаларына күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізу тек бес нысанмен шектелмейді. Келесі жылы мамадар 13 білім ошағын жөндеуден өткізуді жоспарлап отыр. Ал, аталған бес кешенді күрделі жөндеуден өткізуге бюджеттен 2,5 млрд теңге бөлінген.

Аида Қарсыбайқызы