Елде дизельдік отынның 2 аптаға ғана жететін қоры қалды

64

Қазақстанда дизельдік отынның 2 аптаға ғана жететін қоры қалды. Бұл жөнінде энергетика министрі Болат Ақшолақов мәлімдеді. Ведомство жетекшісінің ақпаратына сай қазір дизелдің 220 мың тоннасы қалған. Осыған қатысты бірқатар жанар-жағармай құю бекеттерінде сату бойынша шектеулер қойылған.

Мұнай өңдеу зауыттары отынды қажетті мөлшерде өндірсе де, логистика жағынан қиындықтар туындап отыр – дейді, министр. Яғни, цистерна-вагондар діттеген жерлеріне уақытында жете алмай жатыр. Сондықтан, ол барлық логистикалық тізбек үйлесімді жұмыс істеу қажет екендігін айтты.

Осы ретте Үкімет басшысы Әлихан Смайылов «ҚазМұнайГаз» бен «Қазақстан темір жолы» компанияларына және жауапты мемлекеттік орган басшыларына жағдайды қалыпқа келтіруді тапсырды.» Жанар-жағармайдың бағаларын бақылау және тапшылығына жол бермеу жөніндегі тұрақты жұмыс комиссиясын құруды Роман Васильевичке тапсырамын. Ұлттық экономика министрлігі бәсекелестікті қорғау агенттігімен және әкімдіктермен бірлесіп баға негізсіз көтерілген жағдайда тиісті ден қою шараларын қабылдауды қамтамасыз етсін. Сондай-ақ, индустрия министрлігі, «ҚазМұнайГаз» және «Қазақстан темір жолы» компаниялар мұнай өңдеу зауыттарынан мұнай өнімдерін уақытылы жіберуді қамтамасыз ету бойынша шаралар қабылдауы қажет,-деп нақтылады үкімет басшысы.