Еңбекші ауданының бюджеті 5 жылда 11 есе өскен

25

Шымкент қаласына қарасты Еңбекші ауданының бюджеті 5 жылда 11 есеге өсті. 313 200-ден астам халық қоныстанған аудан бюджеті 2017 жылы 17,5 млрд. теңге болған. Ал биыл ауданға мемлекет қазынасынан 78,5 млрд. теңге бөлінген. Бұл туралы аудан әкімі Досбол Есілбек шаһар басшысы Мұрат Әйтеновтің тұрғындармен кезекті есепті кездесуі кезінде айтты.

Аудан әкімінің айтуынша, негізгі қаржы көзі – ауыл шаруашылығы мен орта және ірі кәсіпкерлік субъектілері. Қазіргі таңда ауданда 3 өндірістік аймақ жұмыс істейді. Атап айтқанда, “Оңтүстік”, “Ордабасы” индустриалды және “Оңтүстік” экономикалық аймақтары бар. Ал жаңадан салынып жатқан “Жұлдыз” экономикалық аймағында инженерлік инфрақұрылым жұмыстары жүргізіліп жатыр. Құрылысы толық аяқталған соң бұл жерден 60 ірі заманауи кәсіпорын ашу жоспарланған. Нәтижесінде 100 млрд теңге инвестиция тартылып, 3000 жұмыс орны ашылады.

Жалпы, Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, Шымкент қаласы әкімінің халықпен жоспарлы есепті кездесулері жалғасып жатыр. Қала әкімі Мұрат Әйтенов Еңбекші ауданы тұрғындарымен кездесуінде шаһардың соңғы 9 айдағы әлеуметтік дамуынан хабардар етіп, алда атқарылатын шаруаларды баяндады.

Басымдық берілген салалардың бірі – білім. Мектепке дейінгі мекемелерді салу бойынша мәселе алдағы 3 жылда шешімін табады. 577 нысан салынып, 3-6 аралығындағы балалар 100 пайыз балабақшамен қамтылады деген жоспар бар.

Бүгінде мегаполисте үш ауысымдық мектептер саны азайды. Биыл бесеуінде мәселе шешіліп, төртеуі қалды. Бүгінде 242 525 оқушы 203 мемлекеттік білім ордасында оқиды. Биылдың өзінде 33 мектеп пайдалануға берілді.

Осы және өзге де шешімін тапқан мәселелерді айтқан шаһар басшысы жиынға қатысқан 300 -ден аса тұрғынның 42 сұрағына жауап беріп, әрбір азаматтың талап-тілегі ескерілетінін, күрделілігіне байланысты орта және ұзақ мерзімде қаралатынын жеткізді.

Халықтан түскен сұрақтардың басым бөлігі тұрғын үймен қамту, жол, жарық, ауыз су, тағы да басқа әлеуметтік және жеке мәселелерге қатысты болды.