Шымкент әкімі Абай ауданының тұрғындарымен кезекті кездесу өткізді

78

Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов Абай ауданының тұрғындарымен кездесті. Жиында аймақта атқарылған жұмыстар баяндалып, халық көкейлерінде жүрген сауалдарын шенеуніктерге тікелей жолдады. Жалпы әр тоқсан сайын елмен кездесіп, есеп беріп жүрген мегаполис әкімі жүзбе-жүз кездесіп, проблеманы талқылаудың арқасында бірқатар мәселелер шешімін тауып келеді дейді.

Бұған дейін Мемлекет басшысы өңір әкімдері халыққа жақын болуы қажет деген еді. Осыны ескерген Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов аудан тұрғындарымен әр тоқсан сайын есеп беру жиынын өткізіп келеді. Кездесуде мегаполис басшысы мен аудан әкімі баяндама оқып, жергілікті жұрт қойған сауалдарға жауап береді. Қала басшысының сөзінше, үнемі халықтың үніне құлақ түріп жұмыс істегеннің арқасында қазір мегаполистегі инфрақұрылым проблемалары азайған.

Мұрат Әйтенов, Шымкент қаласының әкімі: «Естеріңізде болса 2020 жылы өткен кездесуімізде Абай ауданындағы 10 елдімекенде ауыз су, 8 елдімекенде электр жарығы, 11 елдімекенде газ, 26 елдімекенде кәріз жүйесі болмаған. Біз биылғы жылы Абай ауданын ауыз сумент 100 пайыз қамтыдық. Ал 11 елдімекеннің 7-еуі газбен қамтылса, 3 елдімекенде 2023 жылы,1 елдімекен 2024 жылы аяқтаймыз. 26 елдімекеннің екеуі кәрізбен қамтылды».

Әкімнің Абай аудан тұрғындарымен кезекті кездесуінде де инфрақұрылымға қатысты бірнеше сауалдар қойылды. Газ, су және жол туралы проблеманы жайып салған халық шенеуніктерден мәселені жылдамырақ шешіп беруін сұрады. Алайда Мұрат Әйтенов, жұмыстың бәрі барлығы жоспарға сай кезең-кезеңімен жүзеге асатынын айтты.

Мұрат Әйтенов, Шымкент қаласының әкімі: «Біз енді қуып жеттік. Алдын біздің тұрғын үй көбейіп, артынан инженерлік инфрақұрлым қуып жете алмаған. Әсіресе үлкен потстанциялар мен АГРС. Соның нәтижесінде біздегі электроқуаты да шамы нашар. Газдың да қысымы жоқ. Судың қысымы болмаған. Енді бәрін қуып жетіп алдық. Осы жағдайға қайтып ұшырамас үшін біз бас жоспарға бекітіп, алдын ала жұмысты бастадық. Жалпы біз 2025 жылға дейін 3 постанция салынатын болады үлкен. Біз болашақта енді алдын ала ойлау керекпіз».

Жалпы әкімнің халықпен кездесуінде 80 пайыз инфрақұрылымға қатысты мәселелер көтеріледі. Шаһар басшысы ендігі күшті осы салаға жұмсау қажет екенін айтады.

Айта кетейік, әкімнің халықпен кездесуінде жалпы саны 1020 мәселе көтерілген. Бүгінде оның 488-і шешімін тапса, 337-і орындалып жатыр. Ал 195 мәселе 2023,2024 жылдардың жоспарына енгізілген.